Өңірлер

"Шіріп кетуі мүмкін": қазақстандық диқандар дабыл қақты

© Sputnik / Тимур Батыршинбидай
бидай - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.09.2021
Жазылу
Диқандар шіріген бидайды қоқыс алаңына жібергеннен басқа амал жоқ деп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. Павлодар облысында 5 мың тоннадан астам астық шіріп кетуі мүмкін, деп хабарлады Астана арнасы. 

Өйткені өңірде бидай кептіретін қондырғыларға құятын газ тапшы. Соның салдарынан диқандар жаз бойы баптаған өнімін қамбаға құя алмай отыр.

"Қамбада 5 мың тоннадан астам астық жатыр. Егер бір аптаның ішінде бұл мәселе шешілмесе, қаншама бидайымыз шіріп кетейін деп тұр. Сондықтан құзырлы органдардан көмек сұраймын. Бидайды жоғалтсақ нансыз қалуымыз мүмкін. Ал шіріп кеткен астықты малдың өзі жемейді", - дейді диқаншы Николай Миллер. 

Қазан айында Павлодар мұнай зауыты жоспарлы жөндеуден өтеді. Сондықтан бұл мәселенің жақын күндері шешіле қоюы екі талай. Ал шіріген бидайды диқандар қоқыс алаңына жібергеннен басқа амал жоқ деп отыр. 

Солтүстік Қазақстанда да тура осындай жағдай орын алған. Өңірдегі ірі диірмендер осымен екі аптадан бері аулада жатқан дымқыл бидайды кептіре алмай әуре. Дизельдік отын жетіспеген соң ұн фабрикалары газға көшкен еді. Енді сұйық отынның бұл түрі де тапшы болып тұр.

Диірменнің коммерциялық директоры Таисия Колегованың айтуынша, бидай қырман басынан дымқыл қалпында келеді. Оны тез арада кептіріп, өңдеу керек. Жаңбыр жауса жағдай одан бетер ушығайын деп тұр.

Қазақстан Қытайға астықты көбірек жөнелтуі мүмкін

Жергілікті билік өкілдері тапшылық құзырлы министрлік енгізген жаңа жүйемен байланысты деп отыр. Энергетика министрлігі күні бүгінге дейін аймақтарға көгілдір отынды тапсырысқа сәйкес үлестіріп келген. Енді жаңадан енгізілген жүйе бойынша олар елдегі сұйытылған газдың 40 пайызын квотамен беріп, қалғанын электронды биржаға шығарған.

Солтүстік Қазақстан облысы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының бөлім басшысы Ерлан Қайырбековтың айтуынша, газбен қамту компаниялары электронды сауда-саттық кезінде өнімді сатып алуға үлгермей қалды.

"Сондықтан оларда газ тапшылығы пайда болды. Біздің аймақ ай сайын газдың 5800 тоннасын тұтынады. Қазір өнім таусылып бара жатқандықтан, біз энергетика министрлігінен қосымша 1,5 мың тонна сұрадық. Құзырлы орган бізге бұл көлемді бірден бөлді", - дейді ол.

"Бейшара сияқты жүргенің": Батыс Қазақстанда жүргізушілер дабыл қақты

Шенеуніктердің айтуынша, аймақтық газ операторлары салғырттық танытпай электронды алаңда өнімге бірден тапсырыс берсе газ тапшылығы болмайды.

Алайда цифрлық форматтың кемшіліктері жайында ешкім ойламаса керек. Осы қарбалас кезеңде сұйытылған газдың бағасы тағы шарықтап, 93 теңгеге  жеткен.

 

Жаңалықтар
0