АЛМАТЫ, 28 қыркүйек – Sputnik. Ақтау тұрғыны немере ағасының мәйіті заңсыз эксгумацияланғанын айтты. Оның сөзінше, салттық қызмет көрсететін агенттік қызметкері марқұм болған ағасының қабірін қазып, денесін басқа зиратқа жерлеген. Енді Юрий Коновалов кінәлілер жауапкершіліктен құтылып кетеді деп қорқып отыр.
Бұл туралы жергілікті "Лада" басылымы жазды.
Келеңсіз жағдай 2020 жылдың 15 шілдесінде болған. Сол күні Юрий Коновалов немере ағасы Олег Романовты оның анасы Тамара Романованың бейітінің жанына жерлеген.
"Немере ағамның қайтыс болғанын оның отбасына, Бакуде тұратын ұлдарына хабарладым. Олардан жерлеу құқығы туралы нотариус растаған құжат алғаннан кейін жерлеуді ұйымдастыра бастадым. Марқұмды жерлеу үшін екі қалалық агенттікке жүгіндім. Сол аралықта Мәскеуде тұратын әпкем Ирина Хасанова немере ағам үшін жерлеу орнын қаладан тыс жерде орналасқан жаңа зиратта дайындап қойғанын білдім. Әрине, мен бұған келіспедім, себебі ол қалалық зираттағы анасының жанында жерленуі керек", - дейді ол.
Айтуынша, өзі әпкесімен жеті жылдан бері араласпайды. Ал оның немере ағасына арнап зират дайындағаны ақтаулықты таңғалдырған. Содан кейін қабір қазу бойынша бригада жалдаған.
"Мәйітханадан марқұмды жерлеуге ресми құжат алғаннан кейін сол бригадамен бірге зиратқа келдім. Осылайша 2020 жылдың 15 шілдесінде жерледік. Содан үш сағат өткен соң зират директоры маған хабарласып, ағамның қабірі қайта қазылғанын айтты. Осы жерге келген соң жерлеу орнына төселген тас жоқ екенін, ал қабір үсті құмға толғанын көрдім. Сол жерден кетпей тұрғанымда зират қызметкері не болғанын айтты. Ол жерлеу агенттігінің қызметкерлері марқұмның денесін алып, зираттан тыс жерге шығарғанын жеткізді", - дейді Юрий Коновалов.
Ер адам бірден Ақтау прокуратурасына арыз жазған. Мәйітті заңсыз эксгумациялау фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 314-бабының 1-бөлігі ("Мәйітті және олар жерленген орындарды қорлау") бойынша іс қозғалды. Содан кейін қажетті тергеу жүргізілген.
Тергеу барысында салттық қызмет көрсететін агенттік директорының нұсқауы бойынша Романовтың бейіті қазылып, мәйіті Ақтау маңында орналасқан зиратқа қайта жерленгені анықталған.
"Мені шатастыру мақсатында ағамды бірінші жерлеген жерге агенттік директорының нұсқауы бойынша крест орнатылған. Осылайша қайтыс болған адамның денесі осы жерде деп көрсеткісі келген. Салттық қызмет көрсететін агенттік директорының іс-әрекеттері ешқандай логика мен моральдық ережеге сай емес. Оның не себепті осылай істегенін әлі күнге дейін түсінбедім", - дейді ол.
Енді Юрий Коновалов күдіктілер жауапкершіліктен құтылып кетеді деп қорқып отыр.
"Содан бері бір жыл өтті, іс орнынан қозғалған жоқ. Істің сыбайлас жемқорлыққа байланысты тоқтап тұрғанына сенімдімін. Қылмысқа қатысы бар адамдар анықталды, куәгер бар. Бірақ іс бір жылдан астам уақыт бойы сотқа тапсырылмады. Тергеу бір орнында тұр, тіпті істі жапқысы келеді", - деп жанайқайын жеткізді ер адам.
Айтуынша, осы уақытқа дейін ол бірнеше рет прокуратураға арыз жазған. Ал Маңғыстау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі іс бойынша нақты ақпарат алу үшін арнайы сұранысхат жіберу қажет екенін жеткізді.
Оқи отырыңыз:
- "Жаны жай таппаған": астанада зират үстіндегі үйлерді елес кезіп жүргені рас па?
- "Мұндай ешқашан болған емес": Атырау облысында бірнеше қабір қиратылды
- Жас жігіт қабірге қойған кезде қозғала бастады