НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек – Sputnik. 1 ақпаннан бері коронавирусқа қарсы вакцина алған 482 адам індеттен көз жұмды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бірінші ақпаннан тамыздың соңына дейінгі жағдай вакцина алған 482 адам қайтыс болды. Бұл коронавирустан көз жұмғандар санының шамамен 5 процентін құрайды", - деді Цой үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министр індеттен көз жұмғандардың дені вакцина алмағандар екенін атап өтті.
Осы орайда журналистер бұған дейін денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният 1 ақпаннан 31 шілдеге дейінгі аралықта 115 вакциналанған адам қайтыс болғанын мәлімдегенін еске салды.
"Бүгін сіз 2021 жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша 482 адам вакцинадан кейін ауырып қайтыс болды деп отырсыз. Сонда бір ғана тамыз айында 367 адам көз жұмды ма?", - деп сұрады БАҚ өкілдері Цойдан.
Министр бұл ақпаннан тамыз айын қоса алғандағы статистика екенін атап өтті.
"482 адамның бәрі – толық вакциналанғандар. Сіздер білесіздер, бізде шілде-тамыз айларында аурушаңдық өсіп, өлім-жітім көп болды. Сондықтан осындай айырмашылық бар. Бірақ бәрібір де коронавирустан қайтыс болғандардың дені вакцина алмағандар екенін көріп отырмыз. Сондықтан мен осыған назар аударуды сұраймын", - деп түйіндеді Цой.
Оқи отырыңыз:
- Вакциналанған адамдарда "жасыл" статус қанша уақытқа дейін сақталады – жаңа қаулы
- 35 адам бас санитар дәрігерді сотқа берді – шешім қабылданды
- Қазақ дәрігері қай жастағы балалар ковидтің ауыр түріне шалдыға бастағанын айтты