НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек – Sputnik. Нұр-Сұлтан тұрғынына балаларын қараусыз қалдырғаны үшін әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлады елорда сотының сайты.
Осы жылдың 14 қыркүйегінде әйел 5 және 3 жастағы жас сәбилерін үйде қараусыз қалдырған. Кейін түнгі уақытта балалары тамақ іздеп үйден шығып кетіп, көлік көп болатын көшеде жүрген.
"Сотта әйел кінәсін мойындады. Ол үйде ұйықтап жатқан балаларын қалдырып, танысымен ішімдік ішіп, содан соң қонақ үйден бөлме алып, сол жерде түнеуге қалып қойғаны анықталды. Ол өзінің балалары жайлы оқиғаны келесі күні таңертең бір-ақ білген", - делінген хабарламада.
Нұр-Сұлтан қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2021 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысымен балалардың анасы кінәлі деп танылып, 29 170 теңге (10 айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл салу түрінде әкімшілік жазаға тартылды.
Сонымен қатар сот өзінің жеке қаулысында кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті органдардың назарын осы фактіге аударды.
Қаулы күшіне енген жоқ.
Оқи отырыңыз:
- Ақтөбе облысында үш жасар бала ауладағы көліктің ішінде тірідей жанып кетті
- Көшеге тастап кеткен: Петропавлда екі жасар баланың ата-анасы іздестіріліп жатыр
- "Тамақ беруге қорықтық": Ақтөбеде мүгедек қыз үйінде қамалып қалған