МӘСКЕУ, 24 қыркүйек – Sputnik. 23 қыркүйекте Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қырғыз тілінің толыққанды жұмыс істеуі үшін орыс тілін құжат тілінен алып тастауды ұсынды. Ал қазір елде құжаттар екі тілде жүргізіледі.
Бұрынғы КСРО елдерінде орыс тілінің рөлі мен оған деген көзқарас қалай өзгергенін Sputnik тілшісі талдады.
Қырғызстандықтар не дейді
Президент Жапаров орыс тілін ресми іс жүргізу тілінен алып тастауды ұсынды. Ал республикадағы жетекші университеттің бірі Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей славян университеті ғалымдары қырғыздардың көпшілігі орыс тілін мемлекеттің дамуы үшін қажет деп санайды деген зерттеу нәтижесін жариялады.
"Біз сауалнама жүргіздік. Оған ел өңірлерінде тұратын 30-дан 60 жасқа дейінгі 740 адам қатысты. Бішкек тұрғындарынан сұрамадық, себебі мұнда орыс тілі де, қырғыз тілі де белсенді қолданылады", - дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Мамед Тағаев.
Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, оған қатысқандардың 99%-і орыс тілі сапалы білім алуға жол ашады, кәсіби өсуге көмектеседі және қазіргі еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттырады деп санайды. Сонымен қатар тарихи тұрғыдан Қырғызстан азаматтары үшін орыс тілі сыртқы әлеммен қарым-қатынас жасау тәсіліне айналды, деп санайды профессор Тағаев.
"Қырғызстандағы орыс тілі жаңа Конституцияда ресми мәртебесін сақтап қалды. Елдегі саяси оқиғалар қарсаңында кейде орыс тілін қоғамдық өмірден алып тастау керек деген популистік мәлімдемелер пайда болады", - дейді ол.
Биыл 28 қарашада Қырғызстанда Жогорку Кенешке (Республиканың Жоғарғы Кеңесі) кезектен тыс сайлау өткізу жоспарланған. Sputnik-тің құжаттама саласындағы ықтимал реформалар орыс тілінің мәртебесіне әсер ете ме деген сұрағына Мамед Тагаев "қазір әрбір азамат орыс тілінде өтініш жасай алады, бұл оның конституциялық құқығы. Сондықтан құжат айналымын қырғыз тіліне аудару Қырғызстандағы орыс тілінің позициясын әлсірететіні сөзсіз" деп жауап берді.
Қазір құжаттарды орыс тілінде рәсімдеуді ел халқының 26%-і құптайды. Қырғызстанның Ұлттық статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2021 жылдағы жағдай бойынша республиканың 6,6 миллион азаматының 1,7 миллионы этникалық қырғыз емес.
"Екі тіл арасындағы қарым-қатынасты үйлестіретін уақыт келді. Қырғыз және орыс тілдері арасындағы қарама-қарсылықты алып тастау керек, бұл орыс тілі қырғызстандықтар үшін бөтен емес, ол жеке тұлғаның дамуы үшін де, тұтастай мемлекет үшін де қосымша мүмкіндіктер ашады деген қорытындыға келген дұрыс", - деп есептейді профессор Тағаев.
Елдерде не болып жатыр
Белсенді Қуат Ахметов тілдік рейдтер ұйымдастырған болатын. Ахметов пен оның жақтастары бес қалада дүкен қызметкерлерінің қазақ тілін білу деңгейін тексергеннен кейін, Қазақстанның Бас прокуратурасы қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады – Ахметовке ұлттар арасындағы араздықты қоздырды деген айып тағылды.
Ахметовтің бұл әрекетіне ел билігінің көптеген өкілі кері пікір білдірді, ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие екенін және "оны заңнамаға сәйкес пайдалануға кедергі келтіруге болмайды" деп еске салды.
Қолданыстағы "Қазақстан Республикасының тіл туралы Заңында" орыс тілін ұйымдарда және іс жүргізуде ресми түрде мемлекеттік (қазақ) тілімен тең пайдалануға болады, ал азаматтардың тіліне қатысты кемсіту олардың құқығын бұзу болып саналады делінген.
"Ресей мен Қазақстан арасында әлемдегі ең ұзын шекара жатыр. Орыс тілі – БҰҰ-ның алты ресми тілінің бірі, сондықтан біз бұл мәселеге өркениетті түрде қарауымыз керек", - деді Тоқаев, сондай-ақ қазақ тілін үйренуге деген ұмтылыс "өз болашағын Қазақстанмен байланыстыратындардың барлығына парыз" екенін атап өтіп, алайда ел "радикализмнің кез келген түрін тоқтатуға" дайын.
Жақында Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев орыс тілінің маңыздылығы туралы айтты, ол елде орыс тілінде оқытатын 340 мектеп жұмыс істейтінін еске салды. Ал Өзбекстан үкіметі еңбек мигранттарын орыс тіліне оқытудың барлық шығынын өз мойнына алды.
"Өзбекстанның жұмыспен қамту министрлігі Ресей халықтар достығы университетімен бірлесе жұмыс істейді. Жоба аясында Өзбекстаннан келген 700 орыс тілі мұғалімі біліктілігін арттырды, енді олар еңбек мигранттарын оқыта алады", - деді Санкт-Петербург өзбек ұлттық-мәдени автономиясының басшысы Суратбек Абдурахимов.
Өзбекстан билігінің бұл әрекеті орыс тілінің ел үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, дейді Абдурахимов.
"Мұнда көші-қон деңгейі жоғары болғанымен, әңгіме Ресеймен қарым-қатынас туралы болып отырған жоқ. Бұрынғы КСРО-ның басқа елдерімен қарым-қатынасты алайық – олармен қалай сөйлесуге болады? Орыс тілі – бұл халықаралық білім, ғылым және іскерлік қатынастар тілі", - дейді ол.
"Ұлттық тілге ешкім қарсы емес"
Орыс тілі бәсекеге қабілеттілігіне байланысты көрші елдер үшін маңызды, дейді филология ғылымдарының докторы, Пушкин атындағы орыс тілі Мемлекеттік институтының ғылым жөніндегі проректоры Михаил Осадчий.
Оның айтуынша, сөйлеушілердің саны бойынша орыс тілі әлемде сегізінші орында тұр, сонымен қатар ол 15 халықаралық ұйымда қолданылады.
"Көптілділік – бұл қазіргі әлемнің абсолютті тренді, іскерлік элементі және бәсекелестік артықшылығы. Егер ел өз халқының көптілді болу мүмкіндігін мақсатты түрде төмендетсе, онда ол іскерлік байланыстардың төмендеуі мен жалпы азаматтардың қажеттіліктеріне қайшы келеді", - деді Осадчий Sputnik-ке берген сұхбатында.
Михаил Осадчий Украинаны мысал етті.
"Шын мәнінде кез келген тіл – бұл қарапайым қажеттіліктерді қолдану құралы: ақпарат беру және алу, кейбір әлеуметтік қызметтерді алу. Украина азаматтары неге орыс тіліндегі спектакльдерге барғысы келеді немесе орыс тілінде фильмдер көргісі келеді? Олар Ресейдің жанкүйерлері болғандықтан ба? Жоқ, олар үшін бұл ыңғайлы. Бұл мемлекет араласып,"жоқ, сіздің тіліңіз қажет емес" деп айтатын тұрмыстық траектория", - деп түсіндіреді ол.
Кейбір украин саясаткерлерінің орыс тілінен бас тарту Ресейге әсер етеді деуі негізсіз, дейді Осадчий.
"Бұл Ресейдегі ішкі жағдайға әсер етпейді. Бірақ Украина ішінде мазасыздық пайда болады. Адамдар жасанды шектеулерді ұнатпайды. Мұны түсіну керек – көптілділікке сұраныс болған кезде ешкім: "ал елдің ұлттық тілін шегеріп, орыс тілінің үстемдігіне мән берейік" демейді. Әңгіме тек теңдік туралы және бұл қисынды. Біреу тілді үйренеді, ал шетел тілін меңгергендер оның қаншалықты қиын екенін біледі. Ал бұл жерде екі тіл білген артықшылық саналады, ал сіз одан бас тартасыз", - дейді ол.