НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының №2 Есіл аудандық сотында бұрынғы қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Осы қылмыстық іс бойынша А.А.Ескендіров, Ж.У.Байбосынов пен Д.Е.Бұхарбай да сотталды.
Сот материалдарына сәйкес, Еңсебаев Байбосынов пен Бұхарбайдан қаржы министрлігінің цифрландыру жобаларын ақпараттық сүйемелдеу бойынша қызмет көрсетуді сатып алу конкурсында "Аль-Фараби Partners" ЖШС-нің жеңіп шығуы үшін 1,2 миллион теңге пара алған.
Ал ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ақпарат комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Ескендіров қосалқы мердігерлік жұмысты орындау бойынша "Астана қаласының телеарнасы" ЖШС мен "Аль-Фараби Partners" ЖШС-нің арасында келісімшартты рәсімдеу кезінде қажеті құжаттарға қол қоюды жеделтету мен қамқорлық жасағаны үшін 2,3 миллион теңге пара алғаны үшін айыпталды. Ол ақшаны да Байбосынов пен Бұхарбай берген.
"Сотталушылар кінәсі куәлардың айғақтармен және банк шоттары көшірмелерімен дәлелденді. Сот қабылданған анттың бұзылуын қылмыстық жазаны ауырлататын мән-жай ретінде таныды. Сондықтан Еңсебаев пен Ескендіровке 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды әділ деп санады. Ал Байбосынов пен Бұхарбайға заңмен қарастырылған жазаның ең төмен мерзімі – 7 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды", - делінген сот үкімінде.
Төртеуі де сот залында қамауға алынды. Барлығы мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Оқи отырыңыз:
- Қостанайда сотталған шенеуніктің камерасында болған жағдай видеоға түсіп қалды
- Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің жаза мерзімі аяқталды
- Пара бергендер төлейтін айыппұл мөлшері артты