НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Қайым Мұхамедханов көшесінде автобуспен жүретін жолаушылар көп. Сол себепті осы жолдың бір бөлігіне автобус жолағын енгізу жөнінде шешім қабылданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"25 қыркүйектен бастап Мұхамедханов көшесінде Айтматов көшесінен Тұран даңғылына дейін бөлінген "Bus Lane" жолағы іске қосылады", - деп хабарлады CTS.
Компания мамандары осы учаскеде үлкен сұранысқа ие екі бағдардың жүретінін еске салды. Олар: №45 және №56 автобустар. Күн сайын осы бағыттармен 16 мыңнан астам жолаушы жүреді.
Bus Lane-мен қоғамдық көліктен бөлек жедел жәрдем мен өрт сөндіру техникасы жүре алады. Осылайша, дәрігерлер мен өрт сөндірушілердің жолға кететін уақыты қысқарады.
Айта кетері, Мұхамедханов көшесінде бөлінген жолақты қоса есептегенде Нұр-Сұлтанда Bus Lane-ның жалпы ұзындығы 73,6 шақырымға және 26 жол учаскесіне дейін көбейді.
"Көлік жүргізушілері осы өзгерістерді назарда ұстап, қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауы қажет", - дейді мамандар.
Айта кетейік, сәуір айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев автобустарға арналған жолақтарды қарбалас болмаған уақытта және демалыс күндері пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырған болатын.
Үкімет бір айдың ішінде арнайы қаулыны дайындап, мамырдың аяғына дейін халықтың талқысына шығарған. Осы құжатқа сәйкес, жұмыс күндері кептеліс көп болатын уақытта, яғни таңғы сағат 07.30-дан 9.30-ға дейін, сондай-ақ кешкі 17.00-ден 20.00-ға дейін автобус жолағымен тек қоғамдық көліктер ғана жүреді. Ал қалған уақытта және демалыс күндері басқа көліктер емін-еркін жүре алады. Бірақ қаулы әлі қабылданған жоқ.
Оқи отырыңыз:
- "Баспен бір ұрды": Қарағандыда кондуктор оқушының мұрнын сындырды
- Кондуктор мен жолаушының төбелесі немен аяқталды – видео