Экономика

Назарбаева Маминге: проблемаға назар аударуыңызды сұраймын

© Sputnik / Владислав ВодневДарига Назарбаева на заседании Центризбиркома
Дарига Назарбаева на заседании Центризбиркома  - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.09.2021
Жазылу
Соңғы жылдары жер қойнауын пайдалану саласында көптеген проблема шешімін таппай келеді. Басты мәселелердің бірі – қабылданатын шешімдерде ашықтық пен жоғары сапалы геологиялық ақпараттың болмауы

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева жер қойнауын пайдалану саласындағы проблемаларды көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, соңғы жылдары жер қойнауын пайдалану саласында көптеген проблема шешімін таппай келеді. Басты мәселелердің бірі – қабылданатын шешімдерде ашықтық пен жоғары сапалы геологиялық ақпараттың болмауы.

"Сізден саланың дамуына ғана емес, жалпы ел экономикасына үлкен залал келтіретін басқа да бірқатар проблемаға назар аударуыңызды сұраймын", - деді Назарбаева премьер-министр Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында.

Біріншісі, депутаттың айтуынша, ескірген нормативтік-техникалық құжаттарға негізделген жобалық құжаттаманы келісудің ұзақ тәртібі.

"Мысалы, барлау жұмыстары басталғанға дейін жер қойнауын пайдаланушының құжаттары алты ай бойы мемлекеттік органдарда келісуде жатуы мүмкін. Сынамалық пайдалану жоба 9 айдан 1,5 жылға дейін созылатын үш мемлекеттік сараптамадан (экологиялық сараптама, жер қойнауының мемсараптамасы, сынамалық пайдалану жобасының мемсараптамасы) өткеннен кейін ғана мүмкін болады. Кен орнын игеру жобасы үшін де дәл осындай сараптамалар талап етіледі және бұдан кейін барлау мен сынамалық пайдалануға қаражат салған компания оны одан әрі игеруге рұқсат алатыны факт емес", - дейді ол.

Соңында, ең қолайлы нәтиже болған жағдайда да, әлеуетті инвесторларға лицензиялау рәсімдерінен өту үшін екі жылдан үш жылға дейін уақыт қажет болады.

Назарбаева сараптамалардан өту мерзімінің ұзаққа созылуы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкеп соғатынын айтты. Бұл ретте Назарбаева халықаралық тәжірибені мысалға келтірді. АҚШ пен БАӘ-де кен орындарын барлау мен игеруге өтінімдерді қарау мерзімі орта есеппен үш айдан алты айға дейін созылады.

Екінші проблема – инвесторлардың кен орындарын игеруді тоқтата тұру үшін рұқсат алуы.

"Миллиондаған қаражат салып, тәуекелдерді өз мойнына алатын инвестордың жобаның мерзімін оңтайландыруға және шикізат бағасы күрт төмендеген жағдайда шығындарды азайтуға мүмкіндігі жоқ. Қазақстанда жұмысты тоқтата тұру туралы шешім қабылдау үшін мемлекеттің рұқсаты қажет. Әйтпесе, инвестор келісімшартты, сонымен қатар, салынған барлық қаражатты жоғалтуы мүмкін", - деді мәжілісвумен.

Ал жұмыс жүргізудің белгіленген мерзімін тоқтата тұруға немесе ұзартуға мемлекет тарапынан санкция алуға бір жарым айдан сегіз айға дейін уақыт қажет.

Халықаралық тәжірибеде, егер экономикалық көрсеткіштер нашарласа (шикізат бағасының төмендеуі, девальвация), инвесторлар кен орындарын игеруді тоқтата тұру туралы өздері шешім қабылдай алады.

Осы айтылғандар негізінде салаға инвестиция тарту деңгейін арттыру үшін Назарбаева мына шараларды қарастыруды ұсынды:

  • халықаралық тәжірибе негізінде жер қойнауын пайдалану мәселелеріне қатысты мемлекеттің көзқарасына тұжырымдамалық өзгерістер енгізу;
  • ғалымдар әзірлемелері мен барлау деректері негізінде ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегия әзірлеу;
  • мемлекеттің геология ғылымына деген көзқарасын қайта қарастырып, сала үшін қазіргі заманғы кадрлар даярлау;
  • әлемдік тәжірибе мен цифрландыруды ескеріп, мемлекеттік сараптаманы қарау мен тапсыру уақытын барынша қысқарту;
  • инвесторларға әлемдік нарықта дағдарыс болған жағдайда өз шешімімен кен орнын игеруді кейінге қалдыру құқығын беру;
  • геологиялық ақпаратты көпшілікке ашық ету;
  • кен орындарын барлау мен игеруге ашық конкурс өткізу.

Депутат осы мәселеге қатысты үкімет ұстанымын ұсынуды сұрады.

Жаңалықтар
0