АЛМАТЫ, 21 қыркүйек — Sputnik. Алматы қаласы Алатау ауданында кеше бес адам көз жұмған үйді полиция әлі қоршап тұр. Тәртіп сақшылары оқиға болған үйге қарай ешкімді өткізбейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі оқиға орнынан.
Бастапқыда тек жеке үйдің маңы ғана арнайы лентамен қоршалған еді. Үйдің маңында бір үйін киім-кешек жатты.
Оны кейінірек әкімдік қызметкерлері алып кетті.
Сондай-ақ көшеде қан ізі қалған. Алайда үйді күзетіп тұрған полиция оқиға үйдің ауласында болғанын айтты.
Артынша полиция сағат 10:20 шамасында көше басын оқиға болған үйге дейін арнайы лентамен қоршау туралы шешім қабылдады. Ол маңға тек жергілікті тұрғындар мен сол маңда жұмыс істейтін адамдар өте алады.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, оқиға болған аймақтағы қоршау бір сағаттан кейін алынады.
Айта кетері, 20 қыркүйекте Алматы қаласы Алатау ауданында 54 жастағы тұрғын 5 адамды атып тастады. Алматы қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, олар сот үкімін орындауға келген.
Үкімге сәйкес, үй иесі баспананы босатуға тиіс еді. Бірақ ер адам қарсылық көрсетіп, екі полицей мен сот орындаушыларға оқ атқан.
Оқи отырыңыз:
- Алматыдағы төтенше оқиға: ер адам үйдің жаңа иесін атып тастаған
- Сағынтаев Алматыдағы атыста қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты
- Алматы полициясы атыс қалай басталғанын айтты