АЛМАТЫ, 20 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президентке агенттіктің көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы мәлімет берілді.
"Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл 8 айда 1 508 экономикалық құқықбұзушылық анықталғаны, оның 803-і ауыр және аса ауыр қылмыс санатына жататыны жөнінде баяндалды. 36 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылған. Алкоголь өнімдерін шығаратын 26 жасырын цех пен 224 заңсыз ойынхана жабылған", - делінген агенттік таратқан ақпаратта.
Агенттік төрағасының айтуынша, соңғы 4 жылда көлеңкелі экономика 29%-тен 20%-ке дейін төмендеген.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың алдағы 3 жылға арналған кешенді жоспарын бекітті.
Жанат Элиманов әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша да жұмыстар жалғасып жатқанын айтты. Атап айтқанда, азық-түлік бағасының көтерілмеуін қамтамасыз етуге тиіс тұрақтандыру қорларын құру үшін бөлінген бюджет қаражатын жымқырудың 5 дерегі анықталған.
Тараз қаласында жылу, Қызылорда қаласында газ тасымалы тарифтерінің негізсіз көтерілуіне жол берілмеді. Балаларға арналған мамандандырылған және медициналық-әлеуметтік мекемелердің лауазымды тұлғаларына қатысты 36 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды. Олар 376 миллион теңге көлемінде залал келтірген.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.
Оқи отырыңыз:
- Тоқаев ең төменгі жалақыны көтеруді тапсырды: кімдердің жағдайы жақсарады
- Қазақстан Ауғанстанның жаңа билігімен байланыс орнатуға дайын – Тоқаев
- Қазақстанда тағы бір қаржы пирамидасы анықталды