НҰР-СҰЛТАН, 19 қыркүйек – Sputnik. Ресейде Мемлекеттік думаға депутаттарды сайлау өтіп жатыр. Алғаш рет сайлау үш күнге созылып отыр. Сонымен қатар дауысты тек сайлау учаскесінде ғана емес, онлайн беруге де болады.
Пандемия ғана себеп емес
Асқар Шәкіров қазіргі сайлау айрықша жағдайда өтіп жатыр және Ресей азаматтардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алды деп санайды.
"Біз болған учаскелердің барлығы тиісті деңгейде жабдықталған, карантин талаптарын қатаң сақтап отыр. Бақылаушылардан сауал алдық, барлық қорғаныш құралы, санитайзерлер бар екенін білеміз", - деген ол сайлау учаскесіне кіреберісте дауыс берушілердің ғана емес, БАҚ өкілдері мен халықаралық бақылаушылардың да дене температурасы өлшенгенін айтты.
Алайда Асқар Шәкіров мынаны ескеру керек деп санайды: Ресей электронды дауыс беру туралы заңды пандемияға дейін әзірлей бастаған болатын және ол құжат ең алдымен сайлауды жетілдіруге бағытталған.
"Қашықтан дауыс беру форматына тек пандемия себепкер деп санауға болмайды, – дейді ол. – Бұл егде жастағы адамдар және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қауіпсіздігіне бағытталған. Бірақ бұл формат шет мемлекетте жүрген адамдар үшін де тиімді. Олар да дауыс бере алады. Инфрақұрылым талапқа сай, электронды бюллетеньдер ақаусыз жұмыс істеп тұр".
Дума сайлауына 14 саяси партия қатысып жатыр, ТМД Парламентаралық ассамблеясы олардың өкілдерімен кездесті, деп мәлімдеді Иван Мушкет.
"Біз олардан сайлауға дайындық барысына, Орталық сайлау комитетінің жұмысына қалай баға бересіздер деп сұрадық, – дейді ол. – Біздің есеп өте ауқымды жұмыс жүргізілгенін айшықтап тұр".
Электронды дауыс беру ТМД-да трендке айнала ма?
Асқар Шәкіров электронды дауыс беру тәжірибесін ең алдымен ресейліктер бағалауы керек деп санайды.
"Дегенмен мен біздің топтың пікірін айтсам, бұл тәжірибе меңгеруді қажет етеді, – дейді ол. – Заманауи трендтер көп мемлекет үшін ортақ".
Иван Мушкет цифрландыру Ресейде ғана емес, басқа мемлекеттерде де дамып жатқанын айтты.
"Біз көптен бері ақпараттық қоғамда тіршілік етіп келеміз, – дейді ол. – Оның өз талаптары бар. Ал біз түрлі технологияны дамытып жатырмыз. Биыл Молдовадағы заманауи технологиялардың дамуын зерттеп, "Цифрландыру және сайлау" монографиясын әзірледік. Сонымен қатар цифрлық технологиялар Қырғызстанда жақсы дамыған".
Иван Мушкеттің пікірінше, электронды дауыс беруге әлі де үйренісе алмағандар бар.
"Адамдар бюллетеньді жәшікке салу бір басқа, ал машинамен берілген дауысты санау мүлде басқа деп санайды. Сондықтан қашықтан дауыс беру дамып, Одақтың басқа елдеріне де ықпал етеді. Бірақ бұл жылдам орындалатын процесс болады деп ойламаймын. Кейбір адамдар электронды құрылғыны жақсы танымайды. Сондықтан халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек".
Неге дауыс беру үш күнге созылды
Дума сайлауында депутаттарға дауыс беруге үш күн белгіленуі де қоғамда көп талқыланды. Бірақ Асқар Шәріп мұның еш оғаштығы жоқ деп санайды.
"Осы уақыт ішінде көп адам дауыс бере алады. Біз адамдардың құқығын қорғай отырып, барлығын бірдей қорғау керек деп санаймыз. Ал ерік білдіруге деген құқық та құқық қорғау жұмысының бір бөлігі болады", - деді ол.
Иван Мушкет те бұл оймен келісті.
"Уақыт тығыз болса, барлығы дауыс беріп үлгермеуі мүмкін, – дейді Мушкет. – Себебі кейбір адамның қолы тимеуі мүмкін. Яки, оған тағы ойланатын уақыт қажет болуы ықтимал. Ал үш күн ішінде дауыс беруге уақыт табады деп ойлаймын. Менің ойымша, бұл жаңашылдық тиімді".
Асқар Шәкір үш күн ішінде дауыс берушілер кандидаттар туралы ақпаратпен толық таныса алады деп ойлайды.
"Деректер барынша қолжетімді және бұл мені таңғалдырды, - дейді ол. – Бір кандидат бұған дейін күзеттен қашқаны үшін сотты болғанын да жасырмаған. Мен сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылды деп ойлаймын. Сайлау учаскесіне келіп жатқандар көп. Кеше Мәскеудің Басман ауданында болдық. Сағат 11:30-ға дейін сайлаушылардың үштен бірінен көбі дауыс беріп қойды. Ал біз бүгін болған Мәскеу композиторлар үйінде азаматтардың жартысынан көбі өз таңдауын жасаған".
Батыс мәлімдемесі орынсыз
ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы Ресейге өз бақылаушыларын жөнелтуден бас тартты. Асқар Шәкіров бұл шешім қынжылыс тудырғанын айтты.
"Сайлау – оны өткізуді бақылау процесі ғана емес, – дейді ол. – Бұл – пікір алмасу, басқа мемлекеттер үшін тиімді болуы мүмкін ұсыныстарды ортаға салу. Мен бақылаушылар төрағасы ретінде ешқандай заңбұзушылық тіркелмегенін айта аламын. Біз жалпыға ортақ нормаларға сүйенеміз. Бұл ең алдымен ТМД-дағы Демократиялық сайлау стандарттары туралы конвенция".
Иван Мушкеттің айтуынша, алдыңғы мониторингтік сайлау процесі кезінде ТМД Парламентаралық ассамблеясы еуропалық әріптестермен пікір алмасып, диалог орнаған.
"Оларды шақырған жоқ, олар келмеді де, бұл өздерінің шешімі. Бірақ тағы бір маңызды тұсы бар. Демократияны насихаттайтын беделді ұйым сайлаудың қалай өтіп жатқанын келіп көруге тиіс еді".
Бірақ Мушкет кейбір ұйымдар алдын ала мәлімдеме жасап отырғанын айтты. Ол өз баяндамасында Еуроодақ мемлекеттерін Ресейдегі Мемлекеттік думаға сайлау нәтижесін мойындамауды ұсынған Еуропарламентті меңзеді.
"Осында келіп, содан кейін ғана қорытынды жасау керек. Әйтпесе бұл орынсыз. Мұны көп саясаткерлер айтып жатыр. Біздің топ та осы жайында пікір алмасты. Иә, мен мұны орынсыз деп ойлаймын", - деп түйіндеді ол.