НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі қызметіне кіріскен Серікқали Брекешев үкімет отырысында ант берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазақстан Республикасының халқы мен президенті алдында өз Отаным Қазақстан Республикасының экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін!" - деді жаңа министр үкімет отырысында.
10 қыркүйекте Серікқали Брекешев экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды.
Ведомствоның бұрынғы басшысы Мағзұм Мырзағалиев энергетика министрі болды.
Серікқали Брекешев 1972 жылы 14 қазанда Павлодарда туған. 1995 жылы Атырау политехникалық институтын "Мұнай және газ кен орындарын игеру" мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолын "Қазақстан-Ресей сауда үйі" БК, бас директордың орынбасары, экономист қызметінен бастаған.
Әр жылдары энергетика және минералдық ресурстар, мұнай және газ министрліктерінде, "ҚазТрансГаз" компаниясында басшылық қызметтер атқарды.
2020 жылдың 5 наурызынан бастап экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметінде болды.