НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Бензинді автокөлікпен ел аумағынан шығаруға тағы алты ай мерзімге тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрін Қазақстан аумағынан автокөлікпен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салуды көздейтін бұйрықты тағы алты айға созу мәселесі пысықталуда", - деді министр үкімет отырысында.
Сондай-ақ, айтуынша, ішкі нарықты дизель отынымен тұрақты қамтамасыз ету үшін Павлодар мұнай-химия зауытында жөндеу жұмыстарының мерзімін ауыстыру не қысқарту мәселесі қарастырылып жатыр.
Мырзағалиевтің мәліметінше, биыл сегіз айдың қорытындысы бойынша 8,3 миллион тоннадан астам мұнай өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш жоспардан асып тұр, яғни 102%.
Атап айтқанда, автобензин бойынша көрсеткіш 3,1 миллион тонна болды, яғни жоспарлағаннан 104%-ке көп. Өндірілген дизель отынының көлемі 3,3 миллион тоннаға жетті. Бұл осы жылғы жоспардың тоқсан сегіз проценті.
Осы жылдың мамырында Қазақстанда бірқатар мұнай өнімін ел аумағынан автокөлікпен шығаруға жарты жылға тыйым салынған болатын.