НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек — Sputnik. Елорданың іргесіндегі Қоянды ауылы сусыз отыр. Жергілікті әкімдік мәселені тамыз айында шешуге уәде еткен. Алайда қыркүйек басталса да жағдай әлі сол қалпы, деп жазды "Хабар 24".
Жұрт суды 3 шақырым жерден тасып ішеді.
Арна журналистері бұл мәселені маусым айында көтергенде әкім оны тамызға дейін шешуге уәде берген.
Қоянды елорданың іргесіндегі ауыл. 5 мыңға жуық үй бар. Соның тең жартысы орталықтандырылған жарық пен су жүйесіне қосылмаған.
"Бірінші кезекте бізге су беріңдерші, қарақтарым. Астанаға жап жақын тұрамыз, ал су жоқ", - дейді ауыл тұрғыны Ырысты Әбілқадырова.
Бұл жолы барғанда да тілшілер әкімге хабарласып, уәде неге орындалмағынын сұрады.
Қоянды ауылдық округінің әкімі Айбек Есеевтің айтуынша, уәденің уақытында орындалмауына жер телімін рәсімдеудің процедуралары әсер еткен.
"Оның арнайы мерзімі бар. Мерекелік күндер болды. Сондықтан екі аптаға созылды уақыты", - дейді ол.
Әкімнің айтуынша, ауылға қазір ауыз су модулі әкелінген.
"Жер телімі белгіленді. Осы бір-екі күнде жер телімі шекарасы анықталып, құдық қазылып, блок модуль орнатылады. Осы қыркүйекте Қояндыдағы 12-мөлтек ауданға блок модуль орнатылған соң өзге де шағын ауданның тұрғындары содан су ала тұрады. Ал негізінен елді мекенге орталықтандырылған су жүйесі 2023 жылы келеді", - деп әкім тағы бір уәдесін берді.
Оқи отырыңыз: Қояндыда қордаланған мәселе көп