НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Sputnik Қазақстан тілшісінің жиырмаға жуық мотопатрульдің пайда болуы Алматының жалпы ахуалына қалай әсер етті және бұл бөлімшенің болашағы қандай деген сұрақтарына Алматы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Манап Саттаров жауап берді.
Тиімділігі жоғары
Алматы көшелерінде мотопатрульдер жүргеніне бір ай толмаса да, оның тиімділігі қазірдің өзінде байқалып жатыр. Автосүйерлер жол кептелісінде тұратын уақыт азайғанын айтады. Бұл жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталып, Алматы көшелеріндегі көлік саны артқанына қарамастан қалыптасып отырған оң өзгеріс.
Тағы бір тиімділігі – жол апатына ұшыраған жүргізушілерге сағаттап кезекші топты күтудің қажеті жоқ: мотопатруль оқиға орнына жету үшін он-жиырма минут қана қажет болады.
"Біз жаңа нәрсе ойлап тапқан жоқпыз. Бүкіл әлемнің үлкен қалаларында мотоциклдер кеңінен қолданылады. Еліміздің ең үлкен мегаполисі болғандықтан Алматы да осындай бөлімшеге зәру деген тұжырымға келдік. Себебі мұнда көлік өте көп", - дейді Алматы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Манап Саттаров.
Оның айтуынша, жаңа бөлімше қызметкерлері міндетінің автоэкипаж құрамындағы жол-патрульдік полиция өкілдерінің жұмысынан еш өзгешелігі жоқ. Мұнда бар басымдылық мотоциклдың көмегімен кез келген жерге әлдеқайда жылдам жетуде болып отыр.
"Нәтижені көріп отырмыз. Жұмыс істеген 20 күннің өзінде мотопатрульдер келіп түскен 299 қоңырау бойынша қызмет көрсетіп, кептеліс уақытында көлік жүктемесін реттеу үшін 70-тен аса жол қозғалысын қалыпқа келтірді. Себебі автокөліктегі полиция қызметкерлері ол аумаққа тез жете алмайтын. Сонымен қатар 70 жол апатына қызмет көрсетіліп, 800-ден астам жол ережесін бұзу фактісі анықталды. Бұдан басқа, мотопатрульдер бір ұрлық және үш бұзақылық қылмысын ашты", - дейді полковник Саттаров.
Мотоцикл мінген майор
Полицияның жаңа бөлімшесіне қызметке тұру үшін мотоцикл айдау жеткіліксіз. Себебі әрбір қызметкердің жол-патрульдік қызметте үлкен тәжжірибесі болуы керек. Сондықтан қос дөңкелекті көлік мінген майорды көру қалыпты жағдай болмақ.
Алматы полиция департаментінің патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Зәкір Мұсаханов құқық қорғау органдарына қызметке 2000 жылы келген. Ол қызметінің көп бөлігін патрульдік полицияда өткізіп, соңғы уақытта автоэкипаж құрамында жол апаты оқиғаларын рәсімдеумен айналысқан. Жаңа қызмет жайлы естігенде ол көлікті мотоциклге айырбастағысы келетінін алғаш айтқандардың бірі болған.
"Мотоциклге алғаш рет 25 жасымда отырдым. Оны жеңіл басқара аламын. Мотоцикл маған ұнайды. Кәсіби нұсқаушылар бізге үш ай бойы мотоцикл айдауды үйретті. Оның аясында бастапқы курс, содан кейін негізгі курс өткізіліп, яғни, мотоциклде маневр жасау, жедел тежеу әдістері пысықталды", - дейді Зәкір Мұсаханов.
Адамдар мазасызданады
Ол полиция департаменті мотопатруль құрамында қызмет ететін тәртіп сақшыларын іріктеуде қатаң талап қойылғанын айтты. Комиссия құрамында болған қалалық полиция басшысы әрбір қызметкердің дайындығын жеке тексерген.
"Мотоцикл жоғары жылдамдықта жүретін техника екені белгілі. Оны жүргізу автоэкипажға қарағанда әлдеқайда қауіпті. Бірақ мотоциклды пайдалануға қажеттілік туындап отыр. Бүгін бес сағаттың ішінде сегіз жол апаты бойынша қызмет көрсеттім. Ауысым аяқтталғанша тағы төрт-бесеуі пайда болатыны анық. Көлік жүргізсем, онда осының жартысына да үлгермес едім. Ал адамдар полицияны күтіп, мазасызданатын еді", - дейді майор Мұсаханов.
Болашақтағы жоспар
Алматы полиция департаменті атап өткендей, қаладағы мотопатрульдер жұмысының тиімділігі қыс мезгілінде мотоциклдерді консервацияға қойғаннан кейін қатты байқалады. Сол шақта автожүргізушілер үшін жол кептелісі қайтадан кезекті проблемаға айналады.
"Мотопатрульдер жылына сегіз ай – 1 сәуірден 1 қарашаға дейін қызметте болады. Қыс мезгілінде көліктің бұл түрін қолдану мүмкін емес. Олардың тиімділігін ескере отырып, келесі жылы мотопатрульдер санын арттыру үшін қосымша мотоциклдер тарту мәселесін талқылап жатырмыз", - деді Манап Саттаров.
Оның айтуынша, Алматы көшелерінде пайда болатын қосымша мотоциклдер санын қазір нақты айтуға ерте. Барлығы мегаполис жолдарындағы жағдайға байланысты болады.