НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Премьер-министрдің кеңесшісі Ерлан Қожағапанов "Астана" футбол клубының басшылығына келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан клубтың ресми сайтына сілтеме жасап.
"Қазақстан премьер министрінің кеңесшісі Ерлан Тоқтарханұлы Қожағапанов "Астана" футбол клубы директорлар кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалды", - делінген ресми хабарламада.
Қожағапанов мәдениет және спорт вице-министрі қызметінен босатылды
Айта кетері, бұған дейін Қожағапанов Қазақстан футбол федерациясының президенті, "Астана" президенттік кәсіпқой клубының басшысы болған. Ал 2021 жылы сәуір айынан бастап мәдениет және спорт вице-министрі қызметін атқарды. Бүгін ол үкімет басшысының кеңесшісі лауазымына тағайындалды.
Лория президентке не үшін арызданды
Тамыз айының ортасында "Астана" футбол клубының сол кездегі бас директоры Давид Лория президентке үндеу жолдап, "клуб жұмысына араласқысы келген" вице-министр Ерлан Қожағапановтың әрекетіне арызданды.
Лорияның сөзіне қарағанда, Қожағапанов сан алуан жолдармен клубты басқару жүйесіне өз адамдарын қоюға тырысқан.
Артынан Давид аяқ астынан қызметінен босатылды. Шетелдік ақпарат көздері оның жақын арада бұрынғы лауазымына қайта кірісетінін жазған. Қазіргі кезде Лория Женевада UEFA курстарына қатысып жүр.