Әлем

Әлемде алюминий тапшылығы туындап жатыр

© Photo : Пресс-служба министерства индустрии и инфраструктурного развития КазахстанаАлюминий в слитках, продукция казахстанского электролизного завода
Алюминий в слитках, продукция казахстанского электролизного завода  - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.09.2021
Жазылу
Жыл басынан бері алюминий шамамен 40 процентке қымбаттады. Бұл металл барлық салада – ғарыш, авиа және автокөлік техникасы, құрылыста қолданылады

НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Лондон биржасында алюминий құны отыз жылдық максимумге жетті – қазір бір тоннасы 2837,5 доллар тұрады. Бағаның қымбаттауына боксит жеткізуге қауіп төндірген Гвинеядағы әскери төңкеріс себепші болды. Африка республикасының үлесінде әлем нарығының төрттен бір бөлігі тұр, деп жазды РИА Новости.

Жыл басынан бері алюминий шамамен 40 процентке қымбаттады. Бұл металл барлық салада – ғарыш, авиа және автокөлік техникасы, құрылыста қолданылады. Оның үстіне бұл ең әмбебап қаптама материал: үйге арналған тауарлар, банкідегі газды сусын, фольгадағы балмұздақ.

Бірақ оның өндірісі көп электр энергиясын қажет етеді. Мұнай, табиғи газ бен көмір жағу арқылы атмосфераны ластайды. Әсіресе алюминийдің тең жартысын шығаратын Қытайда бұл мәселе өте өзекті.

ҚХР іске қосылған қуатты қатаң бақылау және біртіндеп импорттаушыға айналу арқылы көмірқышқыл газының ауаға шығуын қысқартуға тырысып жатыр.

"Жеткізілімдердің 20 процентін қамтамасыз ететін Синьцзян провинциясында тамыздың соңынан бері бес зауытта өндіріс қысқартылды", - деп атап өтті TeleTrade ақпараттық-аналитикалық орталығының бас экономисі Марк Гойхман.

Ал Ресей тамыздан бастап экспорттық баж салығын енгізді – бағаның 15 проценті, бірақ тоннасы үшін 254 доллардан кем емес.

"Осыған байланысты "Русал" табыстылық шегінде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды жабу жоспары туралы хабарлады. Жүз мыңдаған тонна шығын болып отыр. Шығын көлемі миллиондаған долларға жетеді", - деді Гойхман.

Қытайдың декарбонизация науқаны мен ресейлік баж салығы баға деңгейін көтерді. Трейдерлер тасымалдаудың қымбаттағаны мен 2024 жылға қарай сегіз миллион тоннаға жететін болжамды тапшылықты бағаға қосты. Сұраныс жылына үш процентке артады деген тұжырым бар.

Бірінші жартыжылдықта әлемдік сұраныс 12 процентке артты. Ал өндіріс небәрі 5,7 процентке ұлғайды.

Гвинедағы әскери төңкеріс те бағаға әсер етті. Африканың батысындағы бұл ел бокситтің басты жабдықтаушысы екені белгілі.

"Шикізат өндіруден Австралия мен Қытайдан кейінгі орында тұр (жылына 50 миллион тонна). Зерттелген қорлар көлемі бойынша бірінші орында (7,4 миллион тонна)", - деп нақтылады AMarkets аналитикалық департаментінің жетекшісі Артем Деев.

Гвинея үкіметінің мәліметі бойынша, өткен жылы 84,2 миллион тонна боксит экспортталған. Оның басым бөлігі Қытайға жөнелтілді.

Республикалардан келетін жеткізулердегі кез келген ақау нарыққа үлкен ықпал ете алады. Әлем бойынша жылына барлығы 60 миллион тоннадан астам алюминий өндіріледі. Оның жартысынан көбі – Қытайда, Ресей мен Үндістанда төрт миллион тоннадан дайындалады.

Гвинеяда билікті тартып алған әскерилердің көшбасшысы Мамади Думбуйя тау-кен өндіруші компанияларды жұмысты жалғастыруға шақырды. Ол үкіметпен қазіргі келісімнің барлығы сақталатынын айтты. Бірақ бұл көптің күдігін баса қоймады.

Гвинеядағы "Киндия бокситтер компаниясы", өнімділігі жылына үш миллион тонна болатын Dian-Dian кен орны, сондай-ақ Friguia боксит-сазбалшықты кешені тиесілі "Русалдағылар" да мазасызданып отыр.

Операциялық есептілік мәліметі бойынша бірінші жартыжылдықта гвинеялық бұл кәсіпорындар 3,8 миллион тонна боксит өндірген.

Мемлекеттік төңкерістен кейін "Русал" акциялары Мәскеу биржасындағы сауданың алғашқы минуттарында жеті процентке,  66,75 рубль деңгейіне дейін қымбаттады. Одан кейін өсім орнына арзаншылық келді.

"Егер өндіруге қатысты проблемалар созылып кетсе, компанияның өндіріс көлемі айтарлықтай қысқаруы мүмкін. Бірақ шығынның басым бөлігін бағаның қымбаттауы жаба алады, себебі бүкіл әлем зардап шеккелі тұр", - деді PFL Advisors инвестция компаниясының басқарушы серіктесі Федор Наумов.

"Русал" акцияларының құнын алюминий ғана белгілемейді. Инвесторлармен қарым-қатынас та әсер етеді.

"Егер компания дивиденд төлесе, баға деңгейі шамамен 100 рубль болуы мүмкін еді. Қазір нарықтағы позитивті жағдайға қарамастан, "Русал" мұндай қадамға бармай отыр. Өйткені соңғы бенефициар Олег Дерипаска санкциялардың салдарынан ақша ала алмайды", - деді Наумов.

Ресей экспортының 40 проценттен астамы АҚШ пен Түркияға жөнелтіледі. Ресей өңделмеген шикізат нарығында 17 процент үлеспен бірінші орында тұр. Канада екінші орында - 15 процент, Австралия үшінші орында – 10 процент.

Бірақ шикізат болмаса, сататын ештеңе жоқ. Гвинея - мұнда негізгі буын болып отыр. Елдегі саяси тұрақсыздық боксит жеткізілімдерінің бұзылу қаупін төндіреді.

"Бірақ олар қысқа мерзімді болуы ықтимал. Сондықтан бағаға айтарлықтай әсер етеді деп күтуге болмайды",- дейді Марк Гойхман.

Мемлекеттік төңкеріс мақсаттарының бірі – алюминий нарығын бақылауға алу. Сондықтан хунта шетелдегі негізгі шикізат сатып алушыларымен тез арада қарым-қатынасты реттеуге тырысады.

Егер республикада қос билік орнаса, ішкі қақтығыс ұзаққа созылады. Онда жеткізуде проблема болатыны анық.

Әзірше жоғары сұраныс бағаның өсуіне себепші болып отыр. Қыркүйекте алюминий бағасы бір тонна үшін үш мың доллардан асады. Жыл соңына дейін тағы қымбаттайды. Бірақ тамыз-қыркүйектегі ауытқушылық қайталанбайды.

Жаңалықтар
0