АЛМАТЫ, 10 қыркүйек — Sputnik. Астрахань қаласында Қазақстан бас консулдығының жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты шараға Ресейдегі Қазақстан елшісі Ермек Көшербаев пен Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкин қатысты.
Жаңа ғимарат Орталық стадион маңында 1-ші Аршанская көшесі, 17 мекенжайында орналасқан.
Былтыр консулдыққа бас консулдық мәртебесі берілді. Енді мекеме Астрахань, Самара, Саратов, Волгоград және Орынбор облыстарына жауапты.
"Астраханьдағы Қазақстан консулдығы мәртебесінің жоғарылауы Ресей мен Қазақстан қатынасында біздің өңірдің маңыздылығын білдіреді", - деп жазды Astrakhan-24.ru Бабушкиннің сөзін.
Ермек Көшербаев консулдық іске кіріскелі Астрахань облысы мен Қазақстан арасындағы байланыс нығая түскенін атап өтті.
"Жуырда Игорь Бабушкин арнайы сапармен Қазақстанға барды. Сауда және экономика саласында келісім жасалды", - деді елші.