Өңірлер

"Терезесі биік орналасқан": Атырау облысында мектеп оқушылары ауырып жатыр

© Photo : Пресс-служба управления образования Кызылординской областиПервоклассники за партами с букварями
Первоклассники за партами с букварями  - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.09.2021
Жазылу
Директор мектептегі желдету жүйесі жұмыс істемейтіндіктен, ата-аналар баласын басқа мектепке жиі ауыстыратынын айтады

АЛМАТЫ, 10 қыркүйек – Sputnik. Атырау облысында оқушылардың ата-анасы мектеп терезелерінің тым жоғары орналасуына наразы, деп хабарлады "Еуразия" бірінші арнасы.

Олардың сөзінше, сынып іші ыстық, таза ауа жұту үшін балалар сыртқа шығуға мәжбүр.

"Ұлым мектептен терлеп, киімі дымқыл болып келеді. Жақында ауырып қалды. Осылай коронавирус жұқтырып алуы да мүмкін ғой. Балалар ғимарат ішінде бес-алты сағат өткізеді", - деп шағымданды №7 орта мектеп үшінші сынып оқушысының анасы Гүлназ Бақытжанова.

Бөлмеде ауа тазарып тұруы үшін желдеткіш сатып алынған.

"Балалар да бетперде тағып отыруы керек. Мұғалімдерден шешіп отыруына рұқсат сұрадық. Бұл іске ешкімнің кіріскісі келмейді. Былтыр әкім ақша бөлініп, биыл бәрі басқаша болатынын айтты. Кезекті жай сөз болып қалды" - дейді ата-ана Сәуле Амангелдиева.

Бір қабатты мектеп 18 жыл бұрын пайдалануға берілді. Ол 1 200 балаға лайықталған, мұнда қазір 700 бала оқиды. Директордың айтуынша, желдету жүйесі ешқашан жұмыс істемеген. Соған байланысты ата-аналар балаларын басқа мектептерге жиі ауыстырады. Мәселені шенеуніктер бірнеше рет көтерген.

"Қазір жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр. Ол дайын болғаннан кейін байқау өтіп, желдеткіш жүйесін орнатамыз", - деді Жылыой аудандық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова.

Оқу орнындағы мемлекеттік тексеру соңғы рет осыдан төрт жыл бұрын жүргізілген. Содан кейінгі жылдары ғимараттағы температураны санитарлық аудит бойынша жеке компания өлшеген.

"Олар тексерістен кейін барлық талап сақталғанын хабарлады. Биыл тексеру жүргіземіз. Ол қазанда өтеді деп жоспарланған," - деді Жылыой ауданының бас санитар дәрігері Талғат Хабибуллин.

Егер микроклимат бұзылуы анықталса, мектеп әкімшілігіне айыппұл салынып, ақауды жою туралы пәрмен беріледі. Немесе іс сотқа жетіп, оқу орны жабылуы мүмкін.

Жаңалықтар
0