НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбе облысында жүк пойызына тиелген кранның жебесі қарсы жолмен келе жатқан Тальгоның ондаған вагонына зақым келтірді. Тергеу шаралары басталды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ресми мәліметке сәйкес, 9 қыркүйекте Ақтөбе жол бөлімшесінің Шоқысу стансасында жүк пойызының 26-шы вагонына тиелген кран жебесінің конструкциясы қозғалып кетіп, көрші жолдағы жолаушылар пойызының локомотиві мен вагондарын сырып өткен.
"Атап айтқанда №77 "Алматы-2 – Маңғыстау" жолаушылар пойызының локомотиві (шанағы, буферлік шамы сырылған) мен 13 вагонға зақым келген. Соның ішінде 2 вагонда терезелер сынған, 2 вагонда тұтқалар жұлынған", - дейді компания мамандары.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жолаушылар пойызы 17 минуттық кідірістен кейін қайта жолға шықты. Қазіргі кезде тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.