АЛМАТЫ, 9 қыркүйек – Sputnik. Коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түскен адам емдеу мерзімі аяқталғаннан соң екі апта үй карантинінде болуы керек. Содан кейін ғана жұмысқа шығып, басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсе алады. Бұл туралы Алматының орталық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Эльвира Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Егер науқас аурудың ауыр түрімен ауырса, емдеу 10 күннен ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Тіпті бір айға дейін жалғасады. Орта есеппен адам коронавирус инфекциясынан 10-14 күн аралығында ем қабылдайды. Шілдеден бастап штамм мутацияға ұшырағаны белгілі, содан бастап науқастарда "дельта" штамм белгілері анықталып жатыр. Мысалы, наурызда инфекция жұқтырғандар мен қазір анықталып жатқан науқастарды салыстырсақ, аурудың ауыр өтіп жатқанын байқаймыз", - дейді Эльвира Ибрагимова.
Орташа ауыр деңгейдегі науқастар 14 күн ем қабылдайды, жағдайы асқынған сайын ем қабылдау уақыты да ұзарады.
"Науқас инфекциялық стационардан шығарылғаннан кейін толық жазылып кетеді деп айта алмаймыз. Содан кейін ол амбулаторлық ем қабылдауға жіберіледі. Әрі қарай емханадағы дәрігерлер бақылауында болады. Олар хабарласып, науқастың жағдайын біліп отырады", - дейді маман.
Ибрагимованың айтуынша, науқас инфекциялық стационардан шыққаннан кейін 14 күн бойы үй карантинінде жатуы керек.
"Ол адам сау болып саналады, десек те біраз уақыт оқшауланады. Жазылған да, ауырып жатқан науқас та барлық сақтық шараны сақтауы қажет. Медициналық бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтық сақтау маңызды. Сол себепті біз бас санитар дәрігер қаулысына сәйкес, емханадан шыққан соң 14 күн оқшаулануды ұсынамыз", - дейді дәрігер.
Содан кейін ғана жұмысқа шығып, басқа адамдармен емін-еркін байланысқа түсе алады.