Өңірлер

Тараз түбіндегі жарылыс: бүлінген үйлер 10 қарашаға дейін қайта қалпына келтіріледі

© Sputnik / Тимур БатыршинТараздағы жарылыс
Тараздағы жарылыс - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.09.2021
Жазылу
Жарылыстан қаза болғандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетілуде, зардап шеккен отбасылардың жұмыссыз мүшелерін жұмысқа орналастыру мәселесі шешіліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Жамбыл облысында әскери қоймада болған жарылыстан қираған нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары 10 қарашаға дейін аяқталады.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, Байзақ ауданында болған төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады.

Облыс әкімінің айтуынша, жарылыстан 122 жылжымайтын мүлік, соның ішінде 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық және 4 әлеуметтік нысан қираған.

Қазіргі уақытта 12 мекеме, 23 техника мен 185 жұмысшы қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған, деп жазды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те.

"Бүгінге дейін 62 тұрғын үй жөнделген. Жалпы қайта қалпына келтіру жұмыстарын 10 қарашаға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жібек жолы ауылындағы қираған №5 орта мектептің орнына жаңа мектеп салынады", - деді Сапарбаев Тоқаевқа. 

Оның мәліметі бойынша қазір 26 адам стационарда ем алып жатыр. Олардың 15-і – госпитальда емделіп жатқан әскери, полиция және төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкері.

Жарылыстан қаза болғандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетілуде, сондай-ақ зардап шеккен отбасылардың жұмыссыз мүшелерін жұмысқа орналастыру мәселесі шешіліп жатыр. Екінші деңгейлі банктерде қарызы бар мұндай отбасылардың кредиттерін өтеу мәселесі толық шешілген.

Өңір қалай дамып жатыр

Сонымен қатар Сапарбаев мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәлімет берді. Ол Жамбыл облысының экономикалық өсімі 106,4 пайызды құрағанын атап өтті.

"Биылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің өсімі 5,4%, ауыл шаруашылығы 3%, инвестиция 19,5 %, құрылыс 9%, тұрғын үй 14%, сауда-саттық 4% деңгейінде болады деп күтілуде. Биыл ауа райының қолайсыздығы мен қуаңшылыққа қарамастан, егін өнімділігі облыс бойынша гектарына 15 центнерден айналмақ", - деді облыс әкімі.

Тағы оқыңыз: Тараз түбіндегі жарылыс: тағы бір әскери қызметші көз жұмды

Әкімнің айтуынша, облыста вакцина алуға тиісті тұрғындардың 72,5 пайызы екпе алған.

Сонымен қатар президентке вакцина шығаратын зауыттың дайын өнімді құюға толық әзір екені айтылды. Жұмыс кестеге сай жүргізілуде.

Бұдан бөлек, зауыт пен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми зерттеу институтының қызметкерлеріне арналған үйлер мен акт залы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. 

Тоқаев облыс әкіміне осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Жаңалықтар
0