НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Атырауда Токиода өткен Паралимпиададан жеңіспен оралған спортшыларға пәтер мен автокөлік табыс етілді.
"Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Токиода өткен 16-шы жазғы паралимпиадаға қатысқан жерлестерді марапаттады",- делінген Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарламасында.
Ел абыройын асқақтатқан жүлдегерлердің әрқайсысына екі бөлмелі пәтер мен автокөлік кілті табысталды. Сондай-ақ, парадзюдодан Қазақстанның бас бапкері Жандос Қияновқа 4 миллион теңге, ал жарыс қатысушыларына 1 миллион теңгенің сертификаттары берілді.
Еске салсақ, жерлестеріміз елге оралғанда облыс әкімдігі әр спортшыға 1 миллион теңге берген болатын.
Ел құрамасы сапындағы сегіз атыраулық спортшының 3-уі ел қоржынына күміс жүлде салған еді.
Олар парадзюдошылар: Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатина. Ал, Аманжол Жанбота осы спорт түрінен 5-ші орын, Нұрлан Домбаев паратаеквондодан 5-ші орын, Ержан Сәлімгереев паражүзуден 6-орын иеленді.
"Сіздер Қазақстанның параспорты дамуының жаңа дәуірі басталғанын көрсеттіңіз. Бұл – қажырлы еңбек пен биік намыстың, өршіл руһтың жеңісі. Ержан Сәлімгерев пен Нұрлан Домбаевтың алғашқы қатысқан паралимпиадасынан 5-6-шы орын алуының өзі — айтулы жетістік! Әрбір атыраулық параспортшы алтын медальға лайық өнер көрсетті. Сіздердің әрқайсыңыз жеңімпазсыздар!", - деді Досмұхамбетов.
Парадзюдодан Қазақстанның бас жаттықтырушысы Жандос Қиянов Токио төрінде спортшыларымыз лайықтыы өнер көрсеткенін атап өтті.
Ал күміс медаль жеңіп алған парадзюдошыз Әнуар Сариев жеңістің оңайға түспегенін айтты.
"Алған медалімді Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаймын. Бізге қолдау білдірген әрбіріңізге алғыс айтамын",-деді жүлдегер.