НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Қаржы министрлігі шағын бизнеске қатысты мораторийді алып тастау мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың айтуынша, бүгінде моратарийді заңсыз пайдалану жолдары бар. Ол үшін ірі бизнесті бірнеше компанияға бөліп, тексерістен оп-оңай құтылуға болады.
"Шағын бизнес - ақша айналымы 800 миллионнан аспайтын кәсіпкерлік нысан. Ондайда ірі немесе орта бизнес өкілдері өз ісін бөліп тастайды да, әрбіреуінің айналымын 800 миллионнан асырмай отырады. Ал бәрін қосқанда 4 миллиардтан асып тұр. Осылайша, бірнеше компания ашып, тексерістен жасырынуға мүмкіндік бар", - деді Іңкәрбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, мораторийді толығымен алып тастамайды. Негізгі мақсат – заңды бұзатын кәсіпкерлерді анықтап, оларға қатысты шара қолдану.
"Мораторийді толығымен алып тастау мәселесі көтеріліп отырған жоқ. Мемлекеттік кіріс органдары салық заңнамасын өрескел бұзып отырғандарды ғана мораторийден шығаруды көздейді", - деп атап көрсетті Іңкәрбаев.
Салықшылар алдымен осындай тәртіпбұзушыларды анықтайды. Одан кейін мораторийден шығарып, тексеріске алады.
Бұдан бөлек, мораторийге қарамастан, шағын бизнес өкілдері өз табысын сан алуан жолмен жасыруға тырысып отырады. Кассалық түбіртек те бермейтін кездер бар. Ал мораторий жарияланған кезде кәсіпкерлер өз табысын ашық көрсетеді деген жоспар болған.
"Сондықтан салық төлеуден жалтаратын кәсіпкерлерді анықтап, тексеріс жүргізетін шығармыз. Біз ұсыныс жасадық. Бірақ нақты қандай шешім қабылданатыны әзірше белгісіз", - дейді Іңкәрбаев.