НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Қазақстанға шетелден инвестиция тарту мәселесін көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, былтыр ел экономикасына тікелей шетелдік инвестиция 30 процентке төмендеген.
"Пандемия мен оның салдарынан туындаған жаһандық экономикалық рецессия аясында мемлекеттер арасында инвестиция тарту үшін бәсекелестік артып келеді, елдің инвестициялық климаты шешуші рөл атқарады. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, 2020 жылы еліміздің экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 30 процентке төмендеген", - деді Назарбаева премьер-министр Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында.
Ол инвестициялық ахуалды жақсарту үшін төрт жыл бұрын 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия әзірленгенін еске салды. Тұтастай алғанда мемлекет инвестициялық ахуалды жетілдіру жөнінде бірқатар кешенді шара қабылдап жатыр. Десе де, инвестициялық климатты жақсарту мәселесі өзекті болып қала береді, деп атап өтті депутат.
Оқи отырыңыз: Дариға Назарбаева "TikTok-қа" түсті
Осыған байланысты Назарбаева үкіметтен стратегия қазір қалай жүзеге асып жатқанын, 2018-2020 жылдардың нәтижесі бойынша негізгі нысаналы индикаторларға қол жеткізілді ме, жоқ па, соны түсіндіріп беруін сұрады.
"Стратегия жаңа инвестиция тарту үшін ең тиімді болып табылатын "перспективалы салаларды" анықтайды. Атап айтқанда АКТ, туризм және қаржы. Елдің осы салалардағы бәсекелестік позициялары күшейтілді ме, стратегияны іске асыру жылдарында қандай негізгі инвестициялық жобаларға бастамашылық етілді? Осы есепті жылдары елдегі қазіргі инвесторларды ұстап қалу және қайта инвестициялауды ынталандыру үшін қандай нақты шаралар қабылданды?", - деп сауал жолдады халық қалаулысы.
Сондай-ақ ол инвесторлардың шағымдары мен мәселелерін сәйкестендіру жүйесінің іске қосылып-қосылмағанын нақтылауды өтінді.
Бұдан басқа, инвестициялық жобаларға, елдегі инвестициялық ахуалдың жай-күйіне жүйелі түрде талдау жүргізіліп жатыр ма деп сұрады.