НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Алматыда жолға жүгіріп шыққан әйелді көлік қағып кетті. Дәрігерлер оның аса ауыр жағдайда ауруханаға түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полиция ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұл оқиға Рысқұлов даңғылы бойынша түн ортасында болған. Куәгерлердің айтуынша, аялдамада ерлі-зайыпты ұрсысып қалған. Олардың жанында екі қызы болыпты. Бір уақытта әйел кілт бұрылып, жан-жағына қарамай, жолға жүгіріп шыққан. Сол кезде оны Toyota Camry көлігі қағып кеткен.
"Көлік жүргізушісі жолаушы аяқ астынан шығып қалғанда не істерін білмей қалған. Рөлді басқа жаққа бұрып көрген. Бірақ үлгермеген. Әйел екі баласы мен күйеуінің көзінше көліктің астына түсті", - дейді полицейлер.
Оқиға орнына барған жедел медициналық жәрдем зардап шеккен әйелді шұғыл ауруханаға алып кетті. Ол аса ауыр жағдайда болған.
Алматы полициясы сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады. Қажетті сараптамалар тағайындалды.