Қоғам

Есік пен терезені ашуға болмайды: өрт шыққан кезде не істеу керек

© Sputnik / Руслан Кривобок / Медиабанкке өтуАрхивное фоо пожара в жилом доме
Архивное фоо пожара в жилом доме - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.09.2021
Жазылу
Тұрғын үйде өрт шыққан жағдайда ең алдымен дымқыл көрпе көмегімен өртті сөндіруге тырысу қажет. Егер жағдай бақылаудан шығып кетсе, тез арада қауіпсіз жерге шыққан жөн

АЛМАТЫ, 7 қыркүйек – Sputnik. Өрт – тілсіз жау, адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға орасан зиян келтіретін апат. Кейінгі кезде әлемде, оның ішінде Қазақстанда да өрттің жиілегені байқалады. Қаншама адамның өмірін жалмап жатыр. Сол себепті Sputnik Қазақстан өрт шыққан кезде ең алдымен не істеу қажеттігін маманнан сұрап білді.

Алғашқы әрекет

Арнайы нұсқаулыққа сәйкес, өрт шыққанда немесе жақын маңда өрт тұтанғанын байқаған жағдайда ең алдымен "101" өрт сөндіру қызметіне хабарласу қажет.

Мұндай жағдайда диспетчер өрт шыққан мекенжайды, оның ішінде көше атауы, үй нөмірі мен подъезд, пәтер орналасқан қабатты сұрайды.

Сондай-ақ өрттің қай жерде тұтанғанын нақтылайды. Ол пәтер іші не подъезд, жертөле немесе үйдің шатыры болуы мүмкін.

Ал өрттің басталғанына біраз уақыт болса, жараланған немесе зардап шеккен адамның санына қатысты да ақпарат берген жөн.

Өрт шыққан нысанға оңай өту жолдарын да түсіндіруге болады. Бұл хабарласқан адамның сол маңды білуі мен уақытқа байланысты.

Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Дулат Арынның айтуынша, статистикаға сәйкес өрт көп жағдайда тұрғын үй секторында шығады.

"Тұрғындардың отты дұрыс пайдаланбауы, пештегі ақау, тұрмыстық электр жылытқыш құралдарын қауіпсіздікті сақтамай пайдалану, электр сымдарын монтаждау, балалардың сіріңкемен ойнауы салдарынан өрт жиі туындайды. Көп жағдайда пәтер ішінде газ қосулы қалып кетеді немесе тұтанған күйде қалған темекіден от шығады", - дейді азаматтық қорғау капитаны Дулат Арын.

Маманның айтуынша, өрт болған жағдайда ең алдымен өрт сөндіру қызметін шақыру керек. Алайда өрт сөндірушілерді күтіп әрекетсіз отыруға да болмайды.

"Ең алдымен өрт шыққан жерден адамдарды қауіпсіз жерге көшіру қажет. Өртті қолда бар құралдармен, өрт сөндіргіш, су, құм арқылы, ылғалданған немесе суланған қалың көрпе көмегімен сөндіру қажет. Өрт шыққан жерді ауа кірмейтіндей етіп жауып тастаған жөн", - дейді маман.

Өрт кезінде не істеуге тыйым салынған

Өрт шыққан жағдайда қауіптің қай жақтан төніп тұрғанын анықтап алған жөн. Содан кейін өртенген жерге қарама-қарсы бағытқа немесе өрт жете қоймаған сатыға қарай жүру қажет.

"Қозғалыс кезінде дымқыл беторамал немесе киім арқылы дем алу керек. Мүмкіндік болса қалың матаны сулап, оранып алған жөн. Себебі оттың түтінінен адам уланып қалуы мүмкін", - дейді маман.

Сондай-ақ өрт кезінде лифтіге мінуге, түтін шығып тұрған саты арқылы қозғалуға тыйым салынған. Қосылып тұрған электр сымдарын дымқыл затпен сөндіруге, жоғары қабаттағы терезеден секіруге, төсек-жайманы бу құбырына байлап төмен түсуге болмайды. Өрт шыққан кезде есік пен терезені ашуға тыйым салынады, себебі ол өрттің өршуіне әсер етеді.

"Өрт кезінде лифтіні пайдалану қауіпті, себебі өрт ошағы үлкейіп, лифт істен шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда адам өміріне қауіп төнеді", - дейді Дулат Арын.

Мектеп не кеңседе өрт шықса, не істеу керек?

Мектеп ішінде өрт шықса, мекеме қызметкері өрт сөндіру бөліміне хабарласып, ақпарат береді. Содан кейін құлақтандыру жүйесін іске қосып, эвакуациялау жоспарына сәйкес балаларды қауіпсіз аймаққа тез шығару үшін мектептің басқа қызметкерлерін тартады.

Сондай-ақ өрт туралы мектеп директорына хабарлайды.

Өрт сөндірушілердің келгенін күтіп, қажет болған жағдайда қол өрт сөндіру құралдарының көмегімен өртті жоюға көмектеседі.

Мектептің әрбір қызметкерінің мұндай сәттегі іс-әрекеті мектеп оқушыларының өмірін сақтауға және өртті барынша тез басуға бағытталуға тиіс.

Ал кеңседе өрт шыққан жағдайда барлық адамға хабар беру керек. Өрт сөндіру құралдарын пайдаланып, отты сөндіруге тырысқан жөн.

Егер жағдай бақылаудан шығып, өрт күшейсе ғимараттан шыққан дұрыс. Ал оқиға орнына өрт сөндірушілер келген кезде ненің қайда екенін түсіндіру керек.

Дулат Арынның сөзінше, барлық ғимаратта эвакуацияға арналған жол болады.

"Ғимаратқа кірген кезде авариялық шығу жолдарына көңіл бөлу қажет. Әр қабатта эвакуациялық шығу тақтасы болады. Сол арқылы ғимараттан тез шығуға болады", - дейді ол.

Дулат Арынның айтуынша, өрттің алдын алу үшін қандай да бір техниканы электр тоғына қосылған күйде қалдырмау, қуаттылығы жоғары электр құралдарын бір мезгілде қоспау қажет. Бұл электр сымдарының зақымданып, от тұтануына әкеледі.

Жаңалықтар
0