Қоғам

Енді қазақстандықтар жеке куәлік алу үшін бажды QR-код арқылы төлей алады

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.09.2021
Жазылу
QR-код арқылы төлеу мүмкіндігі елорда мен Алматы қаласында пилоттық режимде іске қосылған

НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында төлқұжат пен жеке куәлік ресімдеген клиенттер мемлекеттік бажды QR-кодтың көмегімен төлей алады.

Қазір бұл мүмкіндікті пилоттық режимде Нұр-Сұлтан мен Алматы тұрғындары пайдалана алады, деп хабарлайды "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясы.

Клиент құжат рәсімдеуге өтініш қабылдайтын көші-қон қызметі операторына жүгінген кезде, кассаға бармай-ақ, мемлекеттік бажды Homebank немесе Kaspi банк қосымшаларындағы QR-төлем жүйесі арқылы төлей алады.

"Бұрын QR-кодпен жер учаскелеріне актілерді дайындау және беру, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, кондоминиум объектілері бойынша қызметтерді және жер қатынастары саласындағы басқа да мемлекеттік қызметтерді төлеуге болатын. Енді кассаға кезекке тұрмай-ақ, құжаттандыру қызметінің алымдарын да төлеу мүмкіндігі бар", – деді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

Тағы оқыңыз: Мерзімі өтіп кеткен жеке куәлік үшін қандай жаза қарастырылған

Айта кетері, жеке куәлік үшін мемлекеттік баж – 584 теңге, паспорт үшін 23 336 теңгені құрайды.

Жеті ай ішінде қазақстандықтарға паспорт пен жеке куәлік беру бойынша 1 577 мың қызмет көрсетілді.

Азаматтарға арналған үкімет QR арқылы төлем жасау мүмкіндігін былтыр қараша айында енгізген болатын. Бүгінде клиенттер мемлекеттік қызметтердің 146 түрін QR-код арқылы төлей алады.

Жаңалықтар
0