АЛМАТЫ, 6 қыркүйек – Sputnik. Маңғыстау облысы Қарақия ауданында West Oil SoftWare ЖШС жұмысшылары 23 тамыздан бері жұмысқа шығудан бас тартып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл ұйым Oil transport corporation ЖШС-ға қызмет көрсетеді.
Маңғыстау облыстық еңбек басқармасының мәліметінше, ереуілге шыққандар Еңбек кодексінің 103-бабы бойынша жұмысшылар жалақысын тапсырыс беруші мекеменің жұмысшыларының жалақысына теңестіруді немесе айлықтарын 100%-ке көтеруді талап етіп отыр. Қазір бұл компания жұмысшыларының орташа жалақысы 230 мың теңгені құрайды.
Соған қатысты облыстың еңбек басқармасы бірқатар келіссөз жүргізді.
Маңғыстау облыстық еңбек басқармасының басшысы Әлігер Іңкәровтің мәлімдеуінше, West Oil SoftWare ЖШС мекемесі Oil transport corporation ЖШС қызмет көрсететін аутсорсинг мекеме болғандықтан Қазақстан Еңбек кодексінің 103-бабы аталған мекеме жұмысшыларына қолданылмайды.
Қазір жұмыс берушілер жұмысшылар талабын орындау мақсатында бірнеше ұсыныс жасады:
- Жұмысшылардың жалақысы 2021 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап 30% мөлшерінде көтеріледі;
- 2022 жылдан бастап еңбекақы мөлшеріне индексация жүргізіледі;
- "Мұнайшылар күніне" орай 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (58 340 теңге) сыйақы төленеді.
Жұмыс беруші ұжымдық шарт жасасуға дайын. Алайда West Oil Software ЖШС жұмысшылары бұл ұсыныстардан бас тартты.
Іңкәров компанияның жұмысшылар талабын толық орындауға қаржылық қуаты жетпейтінін, мекеме барлық мүмкіндігін пайдаланып ұсыныс жасағанын жеткізді.
Еңбек дауын шешуге қатысты келіссөздер жалғасып жатыр.