Саясат

Президент әкімшілігі Жириновскийдің "қазақ Талибаны"* деген сөзіне баға берді

© Sputnik / Алексей Куденко / Медиабанкке өтуВладимир Жириновский
Владимир Жириновский - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.09.2021
Жазылу
Бұған дейін Владимир Жириновский Қазақстандағы "тілдік патрульдерді" Ауғанстандағы Талибанмен теңестірді

НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен Абаев ресейлік саясаткер Владимир Жириновскийдің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Открытый диалог" бағдарламасында жүргізуші Александр Трухачев көрші елдің бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстандағы "тілдік патрульдерді" жаппай сынап жатқанын айтты. Ал ресейлік саясаткер Владимир Жириновский ол ұйымды Ауғанстандағы Талибанмен теңестірді. Осы орайда президент әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен Абаев Жириновский сияқты адамдардың сөзіне мән бермеуге кеңес берді.

"Бізге Жириновскийдің Қазақстанға қатысты мәлімдемелеріне мән беруді қою керек. Бұл жерде шоудан басқа ештеңе жоқ. Сайлаудың алдында электорат ұпайын жинап алудың амалы көрінеді. Ал саясат мүлдем жоқ. Оны қолға қарындаш алып емес, попкорн жеп отырып, тыңдауға болады", - деді Абаев.

Президент әкімшілігі басшысының орынбасары тіл мәселесі саласындағы саясатты мемлекет басшысы өз жолдауында тағы бір мәрте айқындап бергенін еске салды. Сондықтан бұл тақырыпты қозғаудың қажеті жоқ.

Қазақстандағы "тілдік патрульдер"

Тамыз айында "Til Maydani" YouTube-арнасының негізін қалаушы Қуат Ахметов бейнежазбалар топтамасын жариялады. Видеода дүкен және қоғамдық тамақтану орын қызметкерлері өзіне және өзгелерге мемлекеттік тілде қызмет көрсете алмағанынан туындаған жанжал түсірілген. Автор сол адамдарға қатысты "фашистер", "келімсектер" және басқа да сөздер қолданған.

Бейнежазбалар қоғамдық резонанс тудырды.

Ішкі істер министрлігі Ахметов жариялаған видеолар бойынша тексерісті бастағанын мәлімдеді. Артынан оған 150 мың теңгенің айыпппұлы салынды.

Ресейдің ішкі істер министрлігі бейнероликтерінде ұлтаралық алауыздық тудырғаны үшін Қазақстан азаматы Қуат Ахметовке Ресей Федерациясының аумағына кіруге 50 жылға тыйым салды.

Тамыздың соңында Қуат Ахметов Грузияға ұшып кетті.

Тоқаев тілге қатысты не айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте жариялаған жыл сайынғы жолдауында тіл мәселесіне де тоқталды. Мемлекет басшысы қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін айтты.

"Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл - қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамамызға сәйкес, оның қолданылуына кедергі жасауға болмайды", - деді Тоқаев.

Президент болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс екенін жеткізді. Себебі бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады.

"Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін жетік меңгерсе, бұдан еш ұтылмайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі БҰҰ-дағы ресми алты тілдің бірі. Сондықтан бұл мәселеге парасаттылықпен қарауымыз қажет", - деді ол.

Тоқаев қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтау керек екенін ерекше атап өтті. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азамат түсінуі қажет.

"Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз. Заң бойынша жауапқа тартамыз. Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз қадамдар еліміздің негізгі мүдделеріне зиян келтіреді", - деген болатын президент.

*Талибан – Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым

Жаңалықтар
0