НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Мемлекеттік қызметке орналасу үшін қазақ тілін білу міндетті болуы мүмкін. Бұл бастаманы мемлекеттік қызмет істері агенттігі көтерді.
Мұндай пункт "Ашық НҚА" сайтында жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" талқылауға шығарылған заң жобасы бойынша реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында белгіленді.
"Мемлекеттік органдарда қазақ тілінің қолданылуы аясын кеңейту мақсатында мемлекеттік қызметке қабылдану үшін мемлекеттік тілді білудің белгілі бір деңгейін белгілеу қажет деп ойлаймыз. Мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуы қоғамдық қатынастардың трансформациялануымен тығыз байланысты. Қоғамда қазақ-орыс билингвизімінің даму қарқыны мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарға әсер етпей қоя алмайды", - делінген құжатта.
Осы орайда агенттік мемлекеттік қызметтердің сапасына арналған қоғамдық мониторингтің нәтижесін де келтірді. Оған сәйкес, қызмет алушылардың 8 проценті тілдік кедергілерге тап болғанын айтқан. Сол себепті мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттанбайды.
"Осыны ескере отырып, мемлекеттік қызметшілер үшін тілдерді еркін меңгеру бойынша талаптарды енгізу мәселесі қоғам мен уақыттың қажеттілігінен туындаған", - делінген құжатта.
Қолданыстағы заңнамада мемлекеттік қызметшілерге тілдерді еркін меңгеру бойынша нақты талап қойылмаған. Осыған байланысты агенттік мамандары тиісті талаптарды "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" және "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы" заңдарына енгізуді ұсынып отыр.
Алайда "Құқықтық актілер туралы" заңға сәйкес, жаңа талаптар өз лауазымдарына бұрын келген мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайды. Демек, талап жұмыс істеп жүрген қызметшілерге емес, тек жаңадан келетін мемлекеттік қызметшілерге ғана қойылады.