НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек — Sputnik. Еуразия экономикалық одағы елдерінің көшбасшылары ортақ газ нарығын құру туралы халықаралық келісімшартқа 2022 жылы қол қоюы мүмкін. Бұл туралы Еуразия экономикалық комиссиясының төрағасы Ия Малкина брифинг барысында мәлімдеді.
"Газдың ортақ нарығы туралы айтатын болсақ, жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Оны құру туралы халықаралық келісімшартқа 2022 жылы қол қойылуы мүмкін. Мемлекет басшылары әділ бәсекелестікке негізделген ортақ нарықта тариф саясатын қалыптастыру және баға түзу принциптерін жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Сәйкесінше жұмыстар жүргізілуде", - деді Малкина.
Ол газдың ортақ нарығы аясында бұл энергия ресурсын биржада сатып алу мүмкіндігі қамтамасыз етілетінін айтты.
"Ол үшін газдың биржадағы саудасының тәртібі қабылданады. Ол бүгінде ұйымға мүше мемлекеттердің үкіметтері және ұлттық биржалармен бірлесіп әзірленіп жатыр", - деп нақтылады Еуразия экономикалық комиссиясының төрағасы.
Өткен жылдың желтоқсанында Одақ көшбасшылары мұнай саласындағы одаққа мүше елдердің заңнамасын үйлестіру бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті, сондай-ақ инфрақұрылым, нарықтың технологиялық және құқықтық негіздерін құруды қарастыратын газдың ортақ нарығын қалыптастырудың екінші кезеңіне өту туралы шешім қабылдады.
Еуразия экономикалық одақ – Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістік базасында құрылған халықаралық интеграциялық экономикалық бірлестік. Ол 2015 жылдың 1 қаңтарынан бері жұмыс істеп келеді. Одаққа Ресей, Армения, Белоруссия, Қазақстан мен Қырғызстан мүше.
Оқи отырыңыз: Мамин ЕАЭО елдерін вакцинация паспортын өзара мойындауға шақырды