АЛМАТЫ, 2 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбе қаласында бес мектептің электронды поштасына ғимартта бомба қойылғаны туралы хабарлама келді. Жағдайға байланысты жергілікті полиция жедел іс-шаралар өткізіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ақтөбе облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2 қыркүйек сағат 07:20 шамасында Ақтөбе қаласындағы №1, 2, 21, 22 және 56 орта мектептің электронды поштасына олардың ғимаратында бомба қойылғаны туралы хабарлама келген.
"Барлық шұғыл қызмет пен саперлер тобы дереу оқиға орнына барды. Ғимараттарда жарылғыш құрылғылардың бар-жоғы тексерілді. Ол уақытта оқу орындарында оқушылар болған жоқ. Жарылғыш құрылғылар табылмады", - деп хабарлады жергілікті полиция.
Қазір тәртіп сақшылары анонимді хабарламалардың авторын анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабы ("Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Айта кетері, мұндай хабарлама бір күн бұрын, бірінші қыркүйекте Ақтөбе қаласындағы 6 мектептің поштасына келген. Соған байланысты сол мектептерде білім күніне арналған салтанатты іс-шара өтпеді.