АЛМАТЫ, 1 қыркүйек – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім күнінде Қосшыдағы №2 орта мектепке барды.
Ақмола облысы білім басқармасының хабарлауынша, биыл №2 мектепте бірінші сыныпқа 700 оқушы қабылданды. Соған байланысты мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балаларға арнап "Ы" сыныбына дейін ашылды.
Ал Қазақстан бойынша бірінші сыныпқа 394 мыңға жуық бала барды.
Ақмола облысындағы бұл мектепте төрт мыңға жуық бала білім алады. Алайда мектеп бір ауысымда 1 200 баланы оқытуға жобаланған. Жергілікті мұғалімдер 2019 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында Қосшы мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін көтерген болатын.
Айта кетері, биыл Нұр-Сұлтаннан 20 шақырым жерде орналасқан Қосшы ауылы облыстық маңызы бар қалаға айналды.