Білім күнінде мектептерде 1-сынып оқушыларына арналған салтанатты шара өткізуге рұқсат берілді. Sputnik Қазақстан фототілшілері де білім күніне арналған салтанатты шараға қатысып қайтты.
Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №27 гимназияда 1-сыныптарға арналған салтанатты шара ашық ауада, мектеп ауласында өтті. Мектеп аумағына бірінші сыныпқа баласын ертіп келген ата-аналар Ashyq қосымшасы арқылы кірді. Сондай-ақ келушілердің дене қызуы тексерілді.
Сондай-ақ оқушылар мен ұстаздарға, ата-аналарға санитарлық талапты сақтау міндеттелді. Шараға қатысушылар бұл талапты орындады.
2021-2022 оқу жылында оқушыларға мектепке классикалық стильдегі киіммен келуге рұқсат етілді. Мектеп формасы міндеттелмеген. Алайда мектепке жаңадан келген оқушылардың басым бөлігі ақ жейде мен қара шалбар немесе белдемше киіп келген.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім күнінде Қосшыдағы №2 орта мектепке барды.
Ақмола облысы білім басқармасының хабарлауынша, биыл №2 мектепте бірінші сыныпқа 700 оқушы қабылданды. Соған байланысты мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балаларға арнап "Ы" сыныбына дейін ашылды.
Биыл 394 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады.