Саясат

Тоқаев кейбір мемлекеттік қызметкерлерге жұмыстан кетуге кеңес берді

© Официальный сайт Президента КазахстанаҚасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.09.2021
Жазылу
Мемлекет басшысы жұмысты істей алмайтындар, тыныш қана отыра бергісі келетіндер қызметінен кетуі керек деп есептейді

НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тыныш қана отыра бергісі келетін мемлекеттік қызметкерлерге жұмыстан кетуге кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қымбатты отандастар, біздің бағытымыз белгілі, мақсатымыз айқын. Ең бастысы, сол мақсатқа жету үшін не істеу қажеттігін жақсы білеміз. Нақты жоспар жасап, соны жүзеге асырып жатырмыз. Біз қолға алған игі бастаманың бәрін соңына дейін жеткіземіз. Кез келген кедергіні еңсеріп, қиындықты жеңуге дайынбыз. Мен мемлекет басшысы ретінде халық үшін бар күш-жігерімді жұмсай беремін", - деді Тоқаев жылсайынғы халыққа жолдауында.

Президенттің айтуынша, алдағы міндеттерді орындау үшін мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам біртұтас ел ретінде жұмылуға тиіс.

"Әйтпесе, ертең кеш қалуымыз мүмкін. Себебі дүниежүзіндегі ахуал құбылмалы әрі түрлі сын-қатерлерге толы", - деп толықтырды Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі жүйеден күдіктенетін мемлекеттік қызметкерлерді орынды босатуды сұрады.

"Мемлекет басшысының бағыт-бағдарына күдіктенетіндер болса, жұмысты істей алмаса, бәлкім, тыныш қана отыра бергісі келетін шығар, президенттің тапсырамасын орындаудан жалтарса, ондай адамдар қызметінен кетуі керек деп ойлаймын. Қазіргі кезде біз дамудың жауапты кезеңіне аяқ басып отырмыз. Мемлекеттік аппарат бірыңғай механизм болып жұмыс істеуге міндетті. Сонда ғана алға қойған мақсаттарға жете аламыз. Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде, ұйымдасқан ұтады", - деді президент.

Жаңалықтар
0