НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек — Sputnik. Шымкентте "Фиркан" ЖШС аумағындағы сусындар мен минералды су қоймасында өрт шықты, деп хабарлады "Отырар" телеарнасы. Қоймадағы өрт 1 қыркүйекке қараған түні Тәуке хан даңғылында басталған.
Өртті сөндіруге Шымкент станциясының өрт сөндіру пойызы мен коммуналды қызметке қарасты су тасушы көліктер жұмылдырылды.
Бірінші бригада оқиға орнына жеткенде от қойманың 927 шарты метр аумағына таралып үлгерген.
"Нысанға жақын орналасқан екі гидрант арқылы үздіксіз су жіберу қамтамасыз етілді. Сондай-ақ Шымкент станциясының өрт сөндіру пойызы, коммуналды қызметке қарасты су таситын көліктер тартылды", - деді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Өртпен күрес кезінде өрт сөндірушілер көлемі 80 литр екі оттегі баллоны мен 50 литрлік газ баллонын қауіпсіз жерге алып шықты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Өрт сөндіру жұмысына барлығы Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің 72 қызметкері мен 16 техника, жеке құрамында он адам бар Шымкент станциясының өрт сөндіру пойызы, Медицина апаты орталығының бригадасы, қалалық түрлі ЖШС-ға тиесілі алты техника тартылды.
Өрт сөндіру штабының ақпараты бойынша зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.