Қоғам

Президент ықпалды адамдардың ығына жығылып жүрген әкімдерді сынға алды

© Sputnik / Владислав ВодневПо дороге к озеру Кобейтуз
По дороге к озеру Кобейтуз - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.09.2021
Жазылу
Мемлекет басшысы жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейту қажет деп санайды. Сондай-ақ егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал

НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мал жайылымдарына шаруалардың қолы жетпей жүргенін айтты. Себебі кейбір белгілі адамдар оны иеленіп алған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр", - деді Тоқаев жыл сайынғы жолдауында.

Президент үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс екенін атап өтті. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударылуы қажет.

"Олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері жеке қосалқы шаруашылықтар туралы бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс", - деді президент.

Мемлекет басшысы жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейту қажет деп санайды. Сондай-ақ егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал. Ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін де кеңінен қолдану керек, деді ол.

Бұдан бөлек, Тоқаев ветеринария саласын да жетілдіру қажет екенін мәлімдеді. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек.

"Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдардағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс", -деді Тоқаев.

Атап айтқанда, үкімет жыл соңына дейін үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейтуге қатысты нақты шаралар қабылдауы керек.

Жаңалықтар
0