Қоғам

Қазақстандықтар әскери қоймадағы жарылыстан қаза тапқандарды аза тұтып жатыр

© Sputnik / Тимур БатыршинҰлттық аза тұту күні Медеуде мемлекеттік ту төмен түсірілді
Ұлттық аза тұту күні Медеуде мемлекеттік ту төмен түсірілді - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.08.2021
Жазылу
Ұлттық аза тұту кезінде мемлекеттік ту аза тұту мерзімі аяқталғанша тутұғыр биіктігінің жартысына дейін түсіріледі 

НҰР-СҰЛТАН, 29 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамыз Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Ұлттық аза тұту күнін 28 тамызда республика президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялады. Ол қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсеткенін және ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.

Бұл күні мемлекеттік ту аза тұту мерзімі аяқталғанша тутұғыр биіктігінің жартысына дейін түсіріледі.

Қазақстанда аза тұту күні мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары, шекаралық дипломатиялық мекемелер ғимаратындағы мемлекеттік ту төмен түсіріледі. Көңіл көтеретін шаралар мен телебағдарламалар тоқтатылады.

Тағы оқыңыз: "Бүгін туған күні еді": Көз жұмған әскери прокурор жарылыс болған жерге өзі барған

Соңғы мәлімет бойынша Жамбыл облысында оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан 13 адам қаза тапты. Олардың арасында әскери қызметшілер, өрт сөндірушілер, құтқарушылар, әскери прокурор бар. Тағы бірнеше адам іздестіріліп жатыр.

Тараз түбіндегі жарылыс

Бүкіл елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиға 26 тамыз кешкі жетілер шамасында болды. Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт шығып, артынша оннан астам жарылыс болды. Белгілі болғандай, қоймада инженерлік оқ-дәрі сақталған. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, өрт тротил сақталған қоймадан басталған.

Жақын маңдағы елді мекен тұрғындары шұғыл Тараз қаласына эвакуацияланды. Олардың көбі туыстарының үйін паналады, бір бөлігі эвакуация пунктеріне орналастырылды.

Тағы оқыңыз: Тараз түбіндегі жарылыс: желіде жантүршігерлік суреттер мен видеолар жарияланды

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қазір әскери қоймадағы өрт толығымен сөндірілді, тек екі қойма бықсып жатыр. Ведомство басшысы жарылыс енді болмайды деп сендірді. Ауыл тұрғындарының барлығы дерлік үйлеріне оралған.

Төтенше жағдайға қатысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы (Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қойма әдейі өртелуі де мүмкін екенін айтты.

Оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан кейін президент шұғыл жиналыс өткізді. Тоқаевтың тапсырмасымен төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекет басшысы қаза болғандардың отбасы мен зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды.

Жаңалықтар
0