Қоғам

Қорғаныс министрі оқ-дәрі сақтайтын базаларға қатысты тапсырма берді

© Photo : Пресс-служба министерства обороны Казахстана Архивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.08.2021
Жазылу
Министр Тараз түбіндегі жарылыстардан кейін оқ-дәрі сақтайтын екі базаның құрылысын тездетуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев лауазымды тұлғаларға оқ-дәрі сақтайтын екі базаның құрылысын ұйымдастыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Бұл нысандардың құрылысы 2019 жылғы Қарулы күштердегі қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдірудің кешенді жоспарында қарастырылған.

"Объектілердің құрылысы оқ-дәріні қауіпсіз сақтаудың барлық жолын ескере отырып ұйымдастырылған. Сондай-ақ күзеттің техникалық құралдары, бейнебақылау және автоматты өрт сөндіру жүйелері көзделген", - делінген хабарламада.

Тағы оқыңыз: Тараз түбіндегі жарылыс: қаза болғандар саны 9 адамға жетті

Бұдан бөлек қоймалар елді мекендерден алшақ орналасады, арсеналдар мен базалар жанында тыйым салынған аймақтар мен аудандардың шекарасы сақталады.

Тараз маңындағы жарылыс

26 тамыз кешке әлеуметтік желіде Тараз маңындағы жарылыс түсірілген видеолар тарай бастады. Анықталғандай, Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасынан өрт шығып, артынша жарылыс болған. Қоймада инженерлік оқ-дәрі сақталыпты. Оқиға орнына дереу өрт сөндірушілер аттанды.

Жақын маңдағы елді мекен тұрғындары Тараз қаласына көшірілді.

Соңғы деректер бойынша төтенше жағдай салдарынан 9 адам қаза тапты. Олардың арасында ТЖ министрлігі, әскери бөлім, әскерилендірілген күзет пен әскери прокуратура қызметкерлері бар. Тағы екі адам іздестіріліп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 27 тамыз Жамбыл облысындағы төтенше жағдайға байланысты шұғыл жиналыс өткізді. Президенттің тапсырмасымен төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылады. Сондай-ақ Тоқаев қаза болғандардың отбасы мен зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды.

Жаңалықтар
0