НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов келесі аптада өз қызметінен кетеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан компания сайтына сілтеме жасап.
"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы Ғалымжан Олжаұлы Пірматовтің компанияның басқарма төрағасы қызметінен 2021 жылдың 02 қыркүйегінен бастап өз еркімен кететіні туралы хабарлайды. Ядролық отын циклі жөніндегі бас директор Мәжит Бейсембайұлы Шәріпов басқарма төрағасының міндетін атқарады", - делінген ресми хабарламада.
Директорлар кеңесінің төрағасы Нил Лонгфэллоудың айтуынша, Пірматов соңғы төрт жылдың ішінде компанияның даму стратегиясын іске асыруда аса маңызды рөл атқарды.
"Басқарма төрағасы бола тұра, оның білімі мен тәжірибесі компанияның дамуы мен беделінің нығаюына ықпал етті. Біз 2018 жылы Лондон қор биржасына және "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасына шықтық", - деді Лонгфэллоу.
Сондай-ақ Пірматов тұрақты даму, экология, әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқару (ESG) қағидаттарына негізделген басқару шешімдерін қабылдай білді.
"Мен ел басшылығына сенім білдіргені және компанияны тиімді басқару үшін ұсынылған мүмкіндік үшін зор алғысымды білдіремін. Бүкіл әлемдік уран саласы үшін осындай күрделі уақытта Қазатомөнеркәсіпті басқару мен үшін үлкен абырой болды", - деп атап өтті Пірматов.
Айта кетері, басқарма төрағасының міндетін атқаратын Мәжит Шәріпов 2015 жылдан бастап Қазатомөнеркәсіпте түрлі лауазымдарда болды. Қазіргі уақытта ЯОЦ бойынша бас директор қызметін атқарады. Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің ядролық энергетика және атом өнеркәсібі департаментінің директоры, Қазақстан атом энергиясы агенттігінің атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры және Атом энергиясы комитетінің төрағасы лауазымдарында 31 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар.