НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қоңырау шалды, деп хабарлады Ақорда.
Өзбекстан басшысы Жамбыл облысында болған қайғылы да төтенше оқиғаға байланысты Қазақстан президенті мен халқына көңіл айтты. Шавкат Мирзиёев қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қолдауы мен жұбату сөздерін жеткізуді сұрап, зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Әңгімелесу барысында тараптар Ауғанстандағы қазіргі жағдайға қатысты пікір алмасты.
Мемлекеттер басшылары екіжақты және көпжақты деңгейде тығыз байланыстарды нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беруге мүдделі екендерін нақтылады.
Тараз түбіндегі жарылыс
Қайғылы оқиға 26 тамыз кешкі жетілер шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында болды. Алдымен әскери бөлімнің қоймасынан өрт шыққан. Артынша бірнеше жарылыс болды. Анықталғандай, қоймада инженерлік оқ-дәрі сақталыпты.
Жақын маңдағы елді мекен тұрғындары шұғыл Тараз қаласына эвакуацияланды. Соңғы деректер бойынша төтенше жағдай салдарынан 9 адам қаза тапты. Олардың арасында ТЖ министрлігі, әскери бөлім, әскерилендірілген күзет пен әскери прокуратура қызметкерлері бар. Бұдан бөлек жоғалып кеткен екі адам іздестірілуде.