Қоғам

Әскери бөлімдегі төтенше жағдай: президент ведомствоаралық комиссия құруды тапсырды

© Sputnik / Тимур БатыршинТЖ орнына жақын маңдағы жолда келе жатқан өрт сөндірушілер
ТЖ орнына жақын маңдағы жолда келе жатқан өрт сөндірушілер - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.08.2021
Жазылу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында болған жарылыстарға байланысты шұғыл жиналыс өткізді

НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысы Байзақ ауданында болған төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық комиссия құрылады, деп хабарлайды Ақорда.

Президент екі жыл бұрын Арыста болған жарылысты еске алып, қару-жарақ қоймаларында әлі де шешілмеген түйінді мәселелердің бар екенін айтты. Тоқаев Арыс оқиғасынан кейін арнайы тапсырма бергенін, енді осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп аяқтауға тапсырма берді.

Ол Жамбыл облысындағы төтенше оқиғаға байланысты бірқатар шараларды шұғыл қолға алуды тапсырды.

"Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылсын. Оған премьер-министрдің орынбасары Роман Васильевич Скляр басшылық етсін. Роман Васильевич, сізге қазір жиналыс аяқталған соң, Жамбыл өңіріне шұғыл баруды тапсырамын. Жұмыстың басы-қасында болып, барлық шараларды оқиға орнынан ұйымдастырыңыз", - деді Тоқаев Жамбыл облысындағы төтенше жағдайға байланысты өткен шұғыл жиналыста.

Тағы оқыңыз: Тараз түбіндегі жарылыс: қаза болғандар саны 9 адамға жетті

Президент қаза болған азаматтардың отбасын әлеуметтік қорғау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне жарақат алған адамдарға жан-жақты медициналық көмек көрсетуді тапсырды.

Сондай-ақ бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеуді мұқият жүргізуді қамтамасыз етуді, ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. 

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, бас прокуратураға және ішкі істер министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға оқиға туралы жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.

Жаңалықтар
0