Видео

Тұрғындар әскери бөлімдегі жарылыс жайлы: жер сілкініп, үйіміз қозғалды – видео

Жазылу
Жамбыл облысы Байзақ ауданының тұрғындары кешегі жантүршігерлік жарылыстан кейін әлі ес жия алар емес

Sputnik Қазақстан тілшілері эвакуация пунктерінің бірінде болып, апат аумағына іргелес ауылдардың тұрғындарымен сөйлесті.

Байзақ ауданының тұрғындары бейсенбінің үрейлі кешін еске алды. Айтуынша, қатты жарылыстан жер сілкініп, үйлер қозғалған. Зәресі ұшқан жұрт сыртқа жүгіріп шығыпты. Бұл сәтте учаскелік инспектор келіп те қойған: далаға шығыңдар деп айқайлаған. Осыдан кейін ауыл халқы автобустарға отырып, Тараз қаласына, қауіпсіз жерге көшірілген.

Байзақ ауылының тұрғындары политехникалық колледждің жатақханасына орналастырылды. Колледж директорының орынбасары Дүйсенбек Әбдірайымовтың айтуынша, кешкі жеті жарым шамасында чатқа жатақханада орын бар ма деген хабарлама келе бастаған.

"Адамдар түнгі он бір жарымнан бастап келе бастады. Келген кісілерге бірден көмек көрсеттік, памперске дейін алып бердік. Тамақпен қамтамасыз еттік. Түнімен жандарында болдық. Шошып, қорқып келген адамдар жатып демалды", - деді ол.

Айтуынша, қазір жатақханада 62 адам жатыр. Үйлеріне қайтамыз деген адамдарды көлікпен жеткізіп тастайды.

Тараз түбіндегі жарылыс

Қайғылы оқиға 26 тамыз кешкі жетілер шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында болды. Алдымен әскери бөлімнің қоймасынан өрт шыққан. Артынша бірнеше жарылыс болды. Анықталғандай, қоймада инженерлік оқ-дәрі сақталыпты.

Жақын маңдағы елді мекен тұрғындары шұғыл Тараз қаласына эвакуацияланды. Соңғы деректер бойынша төтенше жағдай салдарынан 9 адам қаза тапты. Олардың арасында ТЖ министрлігі, әскери бөлім, әскерилендірілген күзет пен әскери прокуратура қызметкерлері бар. Бұдан бөлек жоғалып кеткен екі адам іздестірілуде.

© Sputnik / Тимур БатыршинЖарылыс болған маңдағы жолда тұрған өрт сөндіру көліктері
Тұрғындар әскери бөлімдегі жарылыс жайлы: жер сілкініп, үйіміз қозғалды – видео - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.08.2021
Жарылыс болған маңдағы жолда тұрған өрт сөндіру көліктері

Бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы (Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде жалған ақпараттардың таратылуына байланысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша да тергеу басталды.

Жаңалықтар
0