ТАРАЗ, 27 тамыз — Sputnik. Жамбыл облысындағы жарылыста жарақат алғандар Тараз қаласындағы №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Аурухана қақпасына зардап шеккендердің аты-жөні жарияланған тізім ілінді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жарақат алған азаматтардың туыстары түннен бері аурухана алдында жүр. Олар жақындарының жағдайы туралы таңертең естіген.
Ал аурухана күзетшісінің айтуынша, карантин болғандықтан бөтен адамдарды ішке кіргізбейді
Sputnik Қазақстан тілшісі аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әбілдаевтан ауруханаға кеше түскен науқастардың жағдайы туралы сұрады. Алайда ол барлық ақпаратты жедел штабқа бергенін, қосымша ақпарат бере алмайтынын жеткізді.
Айта кетері, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде 26 тамыз сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірі өртеніп, жарылыс болды.
Содан кейін зардап шеккен 66 адам ауруханаға жеткізілгені хабарланды.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлығы 88 адамға медициналық көмек көрсетілген. 27 тамыз сағат 10.00 жағдай бойынша 28 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның ішінде 6 адам орташа ауыр халде жатыр. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысындағы жарылыс: төрт әскери қызметші қаза болды