НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан төленетiн әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап арттыру туралы" үкімет қаулысының жобасын әзірледі.
Оған сәйкес, келесі жылдан бастап еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылуға байланысты төленетін әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерi 5%-ке өседі.
"2022 жылдың 1 қаңтарына дейін Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына тағайындалған әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерi 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік төлемдердің мөлшерінен бес пайызға арттырылсын", - делінген "Ашық НҚА" порталында жарияланған құжатта.
Қаулыны 2022 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгiзу жоспарланып отыр.
Тағы оқыңыз: Үкімет зейнетақы мен жәрдемақыға қатысты заң жобасын мақұлдады
Құжатты қоғамдық талқылау мерзімі 13 қыркүйекке дейін созылады.