НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Семей қаласында ядролық полигон жабылуының 30 жылдығына орай "Негізгі шешімдер уақыты" көрмесі ашылды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы тұңғыш президенті - Елбасы кітапханасының баспасөз қызметі.
Экспозиция Қазақстан тарихынан сыр шертетін Елбасы кітапханасы қорындағы архивтік материалдар, жәдігерлер мен кітаптарды көпшілік назарына ұсынады.
"Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толды. Тарихи оқиғаның қазақстандықтар үшін орны ерекше. Алашорданың астанасы, Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сынды абыройлы азаматтардың қасиетті өлкесі атанған Семей жері ХХ ғасырда жантүршігерлік сынаққа ұшырап, КСРО-ның негізгі ядролық полигонына айналды. 40 жыл ішінде Семей даласында 456 ядролық жарылыс болды", - Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
Ол полигонның жабылу мерейтойы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келгенін атап өтті.
"1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен полигон жабылды. Тарихи сәт семейліктер мен жалпы қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл адамзат үшін маңызды оқиғаға айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу Қазақстанның негізгі басымдығы болып қала беретінін атап өтті", - деді кітапхана директоры.
Семейден кейін Невада, Новая Земля, Лобнор, Муруроа қалаларындағы полигондар жабылды. Сондықтан БҰҰ Бас ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күні деп жариялады.
2016 жылы Вашингтонда Елбасы ұсынған "Манифест. Әлем. XXI ғасыр" атты Қазақстанның Ұлттық баяндамасы Бас ассамблея мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды.
"Маңызды шешімдер кезеңі" көрмесі үш бөлімнен тұрады:
- "Семей қасіреті" бөлімі көрермендердің назарына Семей ядролық сынақ полигонының қызметімен байланысты жағдайдың барлық қайғы-қасіретіне толы материалдарды ұсынады;
- "Елбасының ядролық қарусыз әлем жолындағы бастамалары" бөлімінде кітапхана, архив, музей қоры материалдарының негізінде Елбасының ядролық қатерден азат әлемді нығайтуға бағытталған бастамалары көрсетілген;
- "Бейбіт атомға құқық" бөлімі Елбасының атомды бейбіт мақсатта пайдалану идеясын насихаттау және ядролық технологияларды таратуға қатысты қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жөніндегі қызметі туралы архив материалдарының, музей экспонаттарының және кітаптардың кешенін білдіреді.
"Маңызды шешімдер кезеңі" көрмесі 2021 жылдың 27 қыркүйегіне дейін жалғасады. Оның материалдарымен Елбасы кітапханасы ресми сайтының "Көрмелер" бөлімінде танысуға болады.