Қоғам

Декреттік жәрдемақы төңірегіндегі дау: министрлік мәселені шешуге уәде етті

© Photo : предоставила Жанна ХабдулхабарЖурналист Жанна Хабдулхабар пикет өткізді
Журналист Жанна Хабдулхабар пикет өткізді - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.08.2021
Жазылу
Қазіргі уақытта министрлік заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеп жатыр, ол қыркүйек айында мәжіліске енгізілмек

НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне декреттік жәрдемақы төлеу мәселесі жыл соңына дейін шешіледі. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жақында журналистер қауымдастығының жекелеген өкілдері пандемия кезінде БАҚ үшін салықсыз режим аяқталғаннан кейін, декреттік жәрдемақы төлеу мәселесін көтерді.

"Қазіргі уақытта еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеп жатыр. Осы жылдың қыркүйек айында оларды мәжіліске енгізу жоспарланып отыр",- делінген хабарламада.

Декреттік жәрдемақы төлеу мәселесі осы жылдың соңына дейін шешіледі. Бұл мәселе ақпарат және қоғамдық даму министрінің жеке бақылауында.

Еске салсақ, жуырда Informburo.kz ақпарат порталының журналисі Жанна Хабдулхабар Алматы әкімдігінің алдында пикет өткізді. БАҚ өкілі  шенеуніктердің кінәсінен азайып қалған декреттік төлемін қайта есептеуді талап еткен.

Тағы оқыңыз: Балаға төленетін жәрдемақы көтеріле ме – үкімет жауап берді 

Былтыр пандемияға байланысты жекеменшік БАҚ зейнетақы, жеке табыс және әлеуметтік салықтардан босатылған болатын. Ол кезде шенеуніктер мұның декреттік төлемге еш әсері болмайтынына сендірген еді. Алайда, Жаннаның айтуынша, биыл шілдеде ол декреттік демалысқа шыққанда, еңбек министрлігі журналистің салықтан босатылған кезеңде жұмыс істегенін есептемеген. Осылайша әйелдің декреттік жәрдемақысы азайып қалған: 1 миллион 125 мың теңгенің орнына небәрі 830 мың теңге алған.

Өкінішке қарай, мұндай жағдайға басқа жекеменшік БАҚ-тың ондаған қызметкері де тап болған. Кейбірі еңбек министрлігін сотқа беріп, жеңіліп қалған. Енді бірі ведомствоға хат жазған, бірақ өтініші қанағаттандырылмаған.

Жаңалықтар
0