НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз - Sputnik. Соңғы 20 жылда Украинада ел билігіне ықпал ету үшін олигархтар арасында да текетірес жүріп жатқаны байқалады.
2004 және 2013-2014 жылдар аралығында, яғни екі рет бұл ұстанымдар қайшылығы антиконституциялық, күш реформасына дейін өршіді. Елдің оңтүстік-шығысындағы жағдай есепке алмаған күннің өзінде бұл жағдай елде цензураның белең алуына алып келді.
"Еуромайдан" мен Украинаның Оңтүстік-шығысындағы азаматтық соғыс – елдің жаңа тарихында ең қантөгіс кезең болып жазылды.
2014 жылдың ақпанында белгісіз снайперлердің оқ атуынан Еуромайданға қатысқан және құқық қорғау органдарынан 75 адам көз жұмып, 570-тен астам адам зардап шекті. Тергеу әлі аяқталмады, кінәлілер анықталмады.
2014 жылдың мамырында Одессада Кәсіподақ үйіне от қойылды. Сол кезде 42 адам тұншығып, өртке оранып немесе адамдардың аяғының астында тапталып мерт болды. Украинадағы кейбір БАҚ қаза тапқандар арасында "Ресей мен Приднестровья азаматтары бар" деп жалған ақпарат таратты.
Украинаның Оңтүстік-шығысындағы қарулы қақтығыс салдарынан адамдар әлі қайтыс болып жатыр. Лугандық кинематографтар Донбастағы шынайы оқиғалар туралы "Ополченочка" атты көркем фильм түсірді. Бұл жобаға "Россотрудничество" қолдау көрсетіп, фильмді алты тілге аудару және шетелде көрсету жоспарланып отыр.
"2019 жылы біз "Ополченочка" фильмін түсіріп, қақтығыстың неден басталғаны, Донбасс халқының көтерілуіне не себеп болғаны, адамдарды қолына қару алуға не итермелегені туралы айттық. Бұл шақта украиналық үгіт-насихат тобы бес көркем фильм шығарып үлгерді. Ол картиналарда Ресей агрессор ретінде сипатталды", - дейді "Лугафильм" киностудиясының басшысы Роман Разум.
Оның айтуынша, украин жастарын Донбасс тұрғындарына қарсы үгіттеу жүріп жатыр.
Бүгінде украин қоғамы жік-жікке бөлінген, деп санайды RT international телеарнасының тілшісі Роман Косарев. Ол 2014 жылдан бері Донбастағы әскери қақтығыс тақырыбын жариялап келеді. Оның ойынша, русофобияны қолдамайтын азаматтар саны өте көп.
"Өкінішке қарай, русофобияны қолдамайтын украиналықтар өз көзқарасын ашық айта алмайды. Себебі олар өздерінің және жақындарының өмірі үшін алаңдайды. Өз позициясын айтуға батылдық танытқандар, кейіннен бұқара алдында кешірім сұрауға мәжбүр болуда", - дейді Косарев.
2014 жылы Украинада "декоммунизация" жарияланып, ол елдегі ең ірі оппозициялық партия - Украина коммунистік партиясына жан-жақты шектеу қоюмен сипатталды. Себебі коммунистер мемлекеттік төңкеріс, Донбастағы азаматтық соғыс пен Конституцияның бұзылуына үнемі билікті айыптап келген украин саясатындағы жалғыз партия өкілдері болатын.
"Неге Украинада оппозициялық БАҚ-қа қысым көрсетілуде? Оппозициялық саясаткерлер неге соққыға жығылып жатыр? Олесь Бузинаның мерт болуының себебі не? Себебі Украинадағы демократия тек қағаз жүзінде көрсетілген қағида болып отыр. Коммунистік партияға тыйым салынуы таңғалдыратын жағдай емес. Мүмкін ол билікке үлкен қауіп төндірген болар. Сондықтан қазіргі элита насихаттап жүрген антикоммунизм аясында партияға тыйым салу түсінікті", - дейді Интеграциялар перспективасын зерттеу орталығының директоры Сергей Рекеда.
Мысал ретінде "Өмір үшін - Оппозициялық платформасы" партиясының көшбасшысы Виктор Медведчукты қудалауды айтуға болады. Медведчук Донбасты автономдау бойынша жаңа бейбіт ұсыныстарды жариялағаннан кейін 2019 жылдың ақпанында оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Партияның саяси кеңес төрағасы Донбасты өз парламенті мен үкіметі бар Украинаның құрамындағы автономды өңірге айналдыруды ұсынды. Ал украин билігі мұны сепаратизмді насихаттау деп қабылдады.
Украинадағы жағдайда биліктің көзқарасына қайшы сипатта насихаттайтын журналистерге де желіде түрлі қысым көрсетіліп келеді.
"Донбастан тікелей эфирге шыққаннан кейін маған түрлі қорқытып-үркітетін хабарламалар келді. Жыл сайынғы қайырымдылық акциясы аясында Донбастағы балаларды Жаңа жылмен құттықтағаным үшін мені қылмыскер ретінде таныды", - дейді Роман Косарев.
Ол донбастық кейбір балалар соғыс кезінде дүниеге келіп, қазір бірінші сыныпқа барайын деп жатқанын, ал соғыс әлі аяқталмағанына алаңдады.
Сонымен қатар журналистерге жасалған көптеген шабуыл жайлы да айта кету керек. 2014 жылдың ақпанында "Вести" газетінің тілшісі Вячеслав Веремий Киевтің қақ ортасында оққа ұшты; 2015 жылдың наурызында "Нетишинский вестник" газетінің бас редакторы Ольга Мороз өз үйінде өлі күйінде табылды; 2016 жылдың шілдесінде тележурналист Павел Шеремет автокөліктің жарылуы салдарынан көз жұмды.