Мәдениет

Mezzo тобы халықаралық байқауда үздіктер қатарына енді

© Photo : Instagram mezzo_kzГруппа Mezzo
Группа Mezzo - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.08.2021
Жазылу
Қазақстандық Mezzo тобы байқаудың бірінші кезеңінде әлемге танымал Without you композициясын орындады

АЛМАТЫ, 23 тамыз – Sputnik. Сочиде "Новая волна" жас орындаушылардың халықаралық байқауы өтіп жатыр. Бірінші кезең қорытындысы бойынша Армения, Қазақстан және Болгария әншілері үздік деп танылды.

"Новая волна" жас орындаушылар байқауы Сочиде 19 тамызда басталды. Ол Олимпиада паркіндегі New Wave Hall-да өтіп жатыр.

Байқаудың финалына әлемнің 9 елінен 11 қатысушы шықты: Ресей, Беларусь және Қазақстаннан үш музыкалық топ және Ресей, Испания, Грузия, Австралия, Болгария, Италия және Армениядан сегіз әнші.

Биыл байқаудың қазылар алқасы құрамында Димаш Құдайберген бар. Сондай-ақ қазылар құрамына Игорь Крутой, Филипп Киркоров, Светлана Лобода, Сергей Лазарев, Artik & Asti, Леонид Агутин және Дима Билан сияқты танымал адамдар кірді.

Бірінші кезеңде Димаш қазақстандық Mezzo тобына ең жоғары 10 деген балл қойды. Алайда бұл әділ баға болды, себебі қазақстандық орындаушыларға қазылар арасында ешкім "тоғыздан" төмен баға қойған жоқ. "Он" мен "тоғыз" қойғандар тең болды.

Қызыл кілем үстінде Димаш Құдайберген сұхбат берді. Айтуынша, Ресейде алғаш рет қазылар алқасы құрамына кіріп отыр.

"Қазір вокалдық әрі актерлік шеберлік басымдыққа ие болмақ. Сондай-ақ орындаушылар жүректі жаулап алуы керек. Дұрыс таңдалған ән – жарты жетістікке тең", - дейді ол.

Сондай-ақ ол өзі қатысқан байқауларда ешқашан кеңес сұрамағанын, I am a Singer жобасында және басқа да ірі халықаралық байқауларда репертуарды өзі таңдағанын айтты.

"Біреу көмекке жүгінуі қажет кездер болады, себебі әншіге бір уақытта музыкалық продюсер болу міндет емес. Алайда, әрине, әншілердің де білімді музыкант болғанын қалар едім", - дейді Димаш Құдайберген.

Қатысушылар бұл кезеңде әлемге әйгілі туындыларды таңдаған. Қазақстандық Mezzo тобы байқаудың бірінші кезеңінде Without you композициясын ұсынды. Квартет өнерімен тек кәсіби қазылар алқасын ғана емес, фестиваль көрермендерін де баурап алды.

Бірінші күннің қорытындысы бойынша үздік үштікке Болгариядан келген Деница Караславова (85 балл), Қазақстаннан барған Mezzo тобы (86 балл) және Армениядан келген Saro кірді, ол ең жоғар  90 балл жинады.

Жексенбі кешке байқаудың екінші күні қатысушылар өз елінің танымал туындыларын орындады.

Жаңалықтар
0